Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Ұстаздардың ұстазы – Оспанқызы
12.08.2016 10:40

Қазақстан мектептеріндегі білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу қолға алынып, білім беру бағдарламалары жаңартылған мазмұнда құрыла бастады.

Осыған байланысты «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы тарапынан педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында бастауыш сынып мұғалімдері мен тіл үйретуші ұстаздарға арналған курстар ұйымдастырылған болатын. Орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытып жүрген ұстаздар да осы курс аясында білімдерін тереңдетіп, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

 

«Өрлеу» БАҰО» АҚ тағайындаған тренерлер  жаңартылған білім мазмұны бойынша әріптестерін үйретуге бар күштерін салып, жаңалықтың жаршысы ретінде өз істерін жұмыла бастап кетті.

Еліміздің болашағы – жас ұрпаққа саналы тәрбие бере отырып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, сыни тұрғыдан ойлай білетін, өмірге бейімделген жеке тұлға қалыптастыру мақсатында заманауи тұрғыдан білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін игеруге мұғалімдер қауымы да бар ынтасымен кірісті. Дегенмен де жаңартылған білім мазмұнын түсіндіру, нұсқаулығымен таныстырып, бағдарламасын меңгерту жүгін арқалаған тренерлердің еңбегі ерекше деуге болады. Соның ішінде көптеген ұстаздарды заман талабына сай қайта даярлауда жалықпай еңбек етіп, өмірлік тәжірибесін ұстаздық ұстанымымен ұштастырып, зор құрметке бөленіп жүрген Мусаева Жанбота Оспанқызына алғысымыз шексіз.

Курс барысында мұғалімдерге арналған Нұсқаулықпен танысып,  жаңартылған білім беру Бағдарламаларын жан-жақты талқылаумен қатар, нақты тәжірибе жүзінде бағдарлама аясындағы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгердік.

Жаңа мазмұндағы оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын зерделеп, бұрынғы оқу жоспарларымен салыстыру арқылы жаңартылған білім беру бағдарламаларының тиімділігіне көз жеткіздік.  Бастысы – оқу бағдарламасы, оқыту тәсілдері мен бағалау үйлесімділігін назарда ұстау.  Тілдік дағдыларды меңгертуде де көптеген ерекшеліктер бар. Тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылымға арналған жаттығулар мен әдіс-тәсілдерді іс-әрекет арқылы талдап, артықшылығы мен кемшін тұстарын да сарапқа салдық. Аудио және бейне материалдармен жүргізілетін жұмыс түрлерін меңгеріп, бірлескен оқылым мен жазылымға арналған әдіс-тәсілдерді де қоржынымызға қосып алдық.

Бағдарламада көрсетілген жоспар түрлерімен (ұзақ мерзімді жоспар, орта мерзімді жоспар, қысқа мерзімді жоспар) танысып, сыныптар бойынша әр жоспарды саралап, ерекшеліктері мен ұқсастықтарын талдадық. Әр жоспардың құрылымын зерделеп, ықшам сабақтар дайындау барысында іс жүзінде қысқа мерзімді жоспарлардың үлгілерін құрып, өзара және өзін-өзі бағамдау бойынша кестелер толтырдық.

«Үйлесімділік» компоненттерінің бірі критериалды бағалау моделі бойынша да қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау түрлерімен танысып, қысқа мерзімді жоспарлар құру кезінде бағалау критерийлері арқылы тапсырма дайындап, соған сәйкес дескрипторлар құруды да меңгердік.

Жаңартылған оқу бағдарламасын жеткізе түсіндіріп, әр күні әр түрлі әдіс-тәсілдерін үйреткен, бойындағы бар білімін, іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісе отырып, қоғам алдындағы өз қызметін адал атқарған жетекшіміз, тренеріміз, ұстазымыз Жанбота Оспанқызының арқасында курстан көп нәрсені үйреніп, әдістемелік тұрғыдан тәжірибеміз молайды десек артық айтқандық емес. «Ілім үйреніп, оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей» деген екен пайғамбарымыз, сіз іліміңізді басқаларға үйрету арқылы алғыс алған ұстаздардың бірісіз!

Білімі мен ақылын паш еткендей

Бір көргеннен баурайды жылы жүзі.

Еңбегіңіз жемісті бола берсін,

Ұстаздардың Ұстазы – Оспанқызы!

 

53-топ атынан Айгүл Нұрмұқанова, №35 мектеп-лицейі

 

Пікір қосу

Қорғау коды
Жаңарту