Тағылымды конференция |
22.11.2016 16:40 |
2016 жылы қараша айында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен ұлы педагог – ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына арналған «Ыбырай Алтынсарин және заманауи білім» халықаралық конференциясы өтті. Конференцияны Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жылбаев Жанбол Октябрұлы «Ы.Алтынсарин тағылымы: дәстүр және инновация сабақтастығы» тақырыбымен ашты. Конференцияға Ыбырай Алтынсариннің шөбересі Амангелдинова Жұмакүл Байдабекқызы қатысты. Халықаралық конференцияға Ресей (Мәскеу, Қазан), Қырғыз Республикасы (Бишкек), Беларусь (Минск) елдерінен танымал ғалымдар қатысып, ұлы педагог-ағартушының қызметі мен шығармашылығы туралы тағылымды баяндамалар жасады. Конференцияның екінші бөлімі панельдік сессиялармен жалғасты: №1 панельдік сессия«Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық-педагогикалық қызметінің құндылық негіздері», №2 панельдік сессия «Білім мазмұнын жаңарту жағдайында Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеяларының сабақтастығы», №3 панельдік сессия «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы және қазіргі кәсіптік білім» тақырыптарында өткізілді. Халықаралық конференциясына Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Р.К.Каримуллина қатысып, «Ұрпақтың көзқарасын өзгерткен – ұлы педагог» тақырыбында баяндама жасады. Халықаралық конференция жоғары деңгейде өтті. Ыбырай Алтынсариннің педагогтік мұрасын зерделеу бойынша өзара тәжірибе алмастық.Ұлы педагог- ағартушының идеялары білім беру жүйесімен үндесіп, мәңгілік мұра болып қалды.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО бойынша ПҚБАИ аға оқытушысы: Р.К.Каримуллина |
Пікірлер