Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Мәнді де мағыналы кездесу кеші
07.12.2016 10:03

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Батыс Қазақстан педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жоспарлаған іс-шараларға сәйкес ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында адами қасиетке бай, өмірлік ұстанымы мол, «Ұстаздардың ұстазы» атанған, есімі елге танымал өр тұлғалы азамат  Құспанов Өтебай Құспанұлының салған дара жолын насихаттауға бағытталған «Дара жол» бағдарламасы өткізілді.

Іс-шара «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері»; «Қазақстан  Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері»; педагогика ғылымдарының доценті, кезінде институтты ширек ғасыр басқарған Құспанов Өтебай Құспанұлы атындағы дәрісхана ашудан басталды. Дәрісхананың ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз алған  институт директоры, п.ғ.к. Софья Измуханбетова Өтебай Құспанұлымен бірге дәрісхананың лентасын қиды.

Бұл шараға танымал тұлғамен жүзбе-жүз сұхбаттасып, өмір жолына үңіліп, үлгі-өнеге алу мақсатында институттың алдыңғы толқын – аға буын өкілдері мен кейінгі толқын – жастары, сонымен қатар Өтебай Құспанұлымен замандас болып, киелі қара шаңырақ – «Батыс Қазақстан педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының» қалыптасу, даму жолында  ыстық-суықты бірге кешкен, бүгінгі күні «ардагер» атанған ұстаздар да қатысты. Кездесу кешіне Өтебай Құспанұлының отбасы, сонымен қатар замандасы, досы Асқар Әшуұлы, әріптесі Марат Сақыпұлы және шәкірті Сембіғали Темірғалиев қатысты.

Кездесу барысында Өтебай Құспанұлына өмір кезеңдерінен сұрақтар қойылып, қол жеткізген жетістіктері мен шыққан биіктері турасында әңгіме өрбіді. Кездесу кешінде келелі әңгіме өрбіткен қонақтар ұстаздың өнегелі өмірін тілге тиек етіп, кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттады.

Кеш соңында институттың оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Набиоллаұлы ардагерлерді институттың қазіргі тыныс-тіршілігінен құлағдар етіп, жұмыс барысы мен бағытын таныстырды.

Институт қабырғасында өткізілген осындай мәнді де мағыналы кеш ардагерлерге  жылылық сыйлап, көңілдерін бір көтеріп тастады. Институт ардагерлерін  ұлықтауға бағытталған дәстүрлі игі шара жыл сайын жалғасын таппақшы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту