Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2017

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Гостевая книга
Әдістемелің кеңес өтті
30.11.2018 14:51

Фотогалерея

Презентация 1 - «Ұлы даланың 7 қыры»

Презентация 2 - «Цифрлық технологияларға негізделген инновациялық жобалар»

Презентация 3 - «Смарт технологиялар»

2018 жылдың 30 қарашасында Облыстық білім басқармасында әдістемелік кеңес өткізілді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Набиоллиевич Сафуллин «Смарт технологиялардың көмегімен педагогтің біліктілігін арттыру» тақырыбында баяндама оқыды.


Смарт технологиялардың көмегімен педагогтің біліктілігін арттыру

Елімізде білім берудің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім беру, негізгі орта білім беру, жалпы орта білім беру, орта және жалпы орта білімнен кейінгі білім беру, жоғары білім беру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деп аталатын 7 деңгейі бар. Осы деңгейлердің алғашқы төртеуі мектепте, қалғандары колледж, институт, университеттерде оқытылады. Педагогикалық кәсіпті таңдаған маман 2, 4 немесе 6 жылдық уақытын оқуға, диплом иеленуге жұмсайды. Қазіргі уақытта адам әрекетіндегі барша салаларда білім мен технологиялар қарқынды өзгеруде. Дженерал Моторс корпорациясының президентінің: «Бізге төрт, тіпті алты жылдық білімі барлар емес, қырық жылдық білімі бар мамандар керек» деген пікірі қазіргі жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талабын айқындайды.

Біліктіліктерін арттыру арқылы педагог кадрлардың үздіксіз білім алуын қамтамасыз ете алатын, кәсіби мамандары жасақталған, республикамыз бойынша 17 филиалдан біртұтас желілік ұжым қалыптастырған қуатты мекеме – «Біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы «Өрлеу» акционерлік қоғамы болып табылады. 2012 жылдың 10-17 желтоқсан аралығында «БАҰО «Өрлеу» АҚ басқармасынан, филиалдарынан, сонымен қатар, білім және ғылым министрлігі өкілін қосқанда барлығы 33 педагогтен құралған топ Корея республикасының астанасы Сеул қаласында электрондық оқыту жүйесі бойынша біліктіліктерін арттырды. Семинарда «Smart Education for K-12 in Korea – Корея мектептері үшін смарт білім беру» тақырыбында арнайы дәріс оқылды. Осы дәрістің мазмұны Батыс Қазақстан облысы бойынша біліктілікті арттыру институты қызметкерлеріне смарт технологияларды зерттеуге, курстық және курсаралық шараларға тиімді енгізуге жетеледі. «БАҰО «Өрлеу» АҚ басқармасының төрайымы Г.К.Ахметованың басшылығымен арнайы бұйрық шығарылып (06.06.2014ж, №30) жалпы білім беретін мектеп педагогтерінің біліктілігін арттыру жүйесі арқылы Smart learning (Smart оқыту) жобасын ендіру мақсатында smart.orleuzko.kz сайты құрылды және соңғы екі жыл бойы республика көлемінде барша 17 филиал қызметкерлерінің жұмылуымен жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Смарт ұғымы қатқыл диск жасау технологиясынан бастап, ақылды мақсат ұғымдарын сипаттайтын көп нұсқалы жағдайларда еркін қолданыла береді. Сонымен смарт дегеніміз не? Смарт дегеніміз бұрын қосылмайтын екі не одан да көп элементтердің интернет көмегімен белгілі бір объектіге біріге алуы болып табылады. Мысалы, Smart-Home – смарт үй, Smart-TV –смарт теледидар, Smart-Phone – смартфон. Біздің жағдайымызда оқыту үдерісіне смарт технологияларды енгізу дегеніміз смарт құрылғылардың көмегімен оқыту ұғымына сәйкес келеді. Бұл бағытта қазіргі білім кеңістігінде өте көп теориялық мәліметтер жинақталған. Ісіміз нәтижелі болу үшін біз қарапайым әрекеттерді, мүмкіншіліктеріміз еркін жететін бағыттарды таңдай білуіміз керек:

  • Әр педагог смарт құрылғылардың, әсіресе жеке смартфондарының функционалдарын жүйелі түрде меңгеру (Мысалы, Android базалы смартфондарда Play Market, Group Play, Screen Mirroring, QR Droid қосымшаларының мүмкіндіктері);
  • Әр педагог Бұлт-Облако-Cloud мүмкіндіктерін үйрену;
  • Мекеме басшысы мекеме қызметін автоматтандыратын сайт жұмысын жолға қою (Мекеме жұмысын көпшілікке жариялайтын иммидждік бағыттағы жұмыстармен шектелмеу қажет!)

Білім саласындағы педагогтердің басым бөлігінің тікелей атқаратын қызметі – аудиторияда сабақ жүргізу болып келеді. Алатын жалақысы да сағаттары санына байланысты. Жаңа технологиялармен жұмыстану міндеттерін педагогтерге жүктеген кезде олардың нақты уақыты мен мүмкіншіліктерін ескерген жөн. Есептелмей берілген жұмыс жалған есептілікті молайтып, нақты нәтижелерден қашықтатады. Сондықтан жоғарыда аталған 3 бағытта жұмыстану – біздің институтымызда көп мәселелерді оңтайлы шешуге әкелді. Аталған жұмыстармен zkoipk.kz сайтын зерделеген оқырман кеңінен таныса алады. Институт сайты іс жүзінде институт қызметін автоматтандырған қуатты құралға айналды. Педагогтер пайдалы ақпараттармен танысады, өзіне қажеттісін түрлі нұсқада алады, өз пікірлерін кез-келген шараға қатысты білдіре алады. Zero.kz тәуелсіз рейтингілеу жүйесінде 9342 (2016 жыл 6733) қазақстандық сайттардың арасында 90-120 (2016 жыл 150-300), білім беру мен ғылым категориясы бойынша 423 (2016 жыл 445) қазақстандық сайттардың арасында 20-30 орындардан көрінуі zkoipk.kz сайтының мазмұндылығын білдіреді.

Курстық шараларды өткізуде топ тізімі, сабақ кестесі, фотогалерея, сауалнама, ресурс, кері байланыс сілтемелері орналасқан сайт компоненттері біздің педагогтерге көп пайдасын тигізуде.

ХХ ғасырдың аса көрнекті қайраткері, ойшыл, драматург, әдебиет саласындағы жалғыз Нобель сыйлығы иегері, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебі негізін қалаушы Джордж Бернард Шоу «Білген кісі өзі жасайды, білмеген кісі өзгені үйретеді» деген қанатты сөз қалдырған. (КТО УМЕЕТ, ТОТ ДЕЛАЕТ; КТО НЕ УМЕЕТ, ТОТ УЧИТ). Қазіргі күнде білім саласының стратег мамандары осы қанатты сөзді талдап, мұғалімдер үшін апатты салдарынан құтылу жолдарын іздестіруде.

Смарт білім беру – қазіргі білім берудегі жаңа және нақты жағдай. Педагогтерімізді бұл бағытта даярлау соңғы 30 жылдағы компьютерлік сауаттылықты арттыру ісіне қарағанда анағұрлым нәтижелі жүруде. Мектепте 30 жыл бойы айтылып, педагогтерді ынталандырып, үйретіп, міндеттеп келген – компьютерлік сауаттылық, мойындауымыз керек, әлі төмен деңгейде. Ал, соңғы 2-3 жыл көлемінде қоғамда пайда болған, шетелдік әріптестер үндеген фейсбук, ватцап тәрізді әлеуметтік желі бағдарламаларын қолдану – біздің педагогтеріміз үшін аса жеңіл болып шықты. Бұл қуанышты жағдай. Әр жаңалықты бірінші кезекте жеке басына қолдануды меңгерген адам ғана оқушысына мазмұнды білім бере алады. Сондықтан, институт қабырғасында оқылатын барша курстардың вариативті модульдеріне смарт құрылғылардың көмегімен, АКТ құралдары көмегімен жеке әлеуметтік есептерін шешу жолдарын үйретуді жандандырамыз (бұған дейін де электрондық үкімет тақырыбы нәтижелі оқытылып келді). Нәтижесінді педагог уақытын және қаржысын үнемдеуді меңгереді. Ең бастысы, заманауи технологияны жеке әлеуметтік есептерін шешуге қолдануды меңгерген ұстаз, педагогикалық қызметіне де жаңа технологияны толыққанды қолдана білу дәрежесіне көтеріледі.

«Сабақтың үздік контенті» облыстық байқауы 5 жыл ішінде мектептегі барлық пәндер бойынша секциялар ашып, 633 облыс педагогін қамтып,
37 жеңімпаз бен 160 жүлдегерді дипломдармен, 436 қатысушыны куәліктермен марапаттады. Әдістемелік қызметте үздік педагогикалық тәжірибенің таратылуына ерекше мән беріледі. Тәжірибені кітапша түрінде баспа материалы өнімі тәрізді тарату – білім беру жүйесінде жақсы орныққан. Қазіргі уақытта контент баспадан шыққан мәтін түрінде ғана емес, аудио, видео нұсқаларда жасалады. Қазақстандық мұғалімдердің озық тәжірибелерін бейнесабақ түрінде таратудан төмендегідей оң өзгерістер күтеміз:

1) Бейнесабақ – қазіргі заман талабы болып табылатын қашықтан оқыту үшін аса қажет материал. Отандық өнімдердің әуесқой үлгілері байқау аясында жинақталып, болашақта кәсіби контент құрастыратын авторлар қалыптасады деп сенеміз.

2) Бейнесабақтар көмегімен оқыту тәжірибелерін ішінара енгізу арқылы, қазіргі балалардың интернетке, компьютерге, смартфондар мен планшеттерге деген жоғары қызығушылықтарын пайдалы арнаға бұру мәселесі шешілуі мүмкін.

3) Қазақ тіліне латын графикасын енгізу нәтижесінде тілімізде орфографиялық өзгерістер пайда болады. Орфографиялық өзгерістер орфоэпиямызға да әсер етіп, сөйлеу дағдыларымызда елеулі өзгерістер болуы мүмкін. Бейнесабақта мұғалімнің сабақты түсіндіру барысындағы сөйлеу үлгісі жазбада сақталып, ақпаратты сақтаудың жаңа форматында болашақ ұрпаққа қашанда қолжетімді болады.

Бейнесабақта мұғалімнің жаңа сабақты түсіндіруі, 40 (бұрын 45 минут) минуттық сабақ мазмұнында мұғалімнің оқушыға беретін ең маңызды ақпараттары бейнесабақ көмегімен 10 минуттан аспайтын уақытқа жинақталады. Байқауға қатысу үшін дайындалған бейнесабақтар мынадай жағдайларда пайдалы бола алады:

1) Оқушы жаңа сабақ мазмұнымен алдын-ала танысып, сабаққа жоғары дайындықпен келеді.

2) Оқушы денсаулығына байланысты мектепке келе алмаған кезде сабақ мазмұнымен өз бетінше шұғылдануға мүмкіндік алады.

3) Ауа-райы қолайсыздықтарына (төтенше жағдайлар, жауын-шашын, аяз, боран) байланысты мектепте сабақ тоқтатылған кездерде оқушы оқу үдерісін өз бетімен жалғастыра алады.

4) Үлгерімі төмендеген оқушылар сабақты қабылдау қабілеті күшейген кезде өз беттерімен бұрынғы сабақтарды қайталап түсіне алады.

2013 жылы – 14, 2014 жылы – 29, 2015 жылы – 52, 2016 жылы – 382, 2017 жылы – 156 педагогтің, барлығы 633 ұстаздың 2000-ға жуық бейнесабағының сілтемелері zkoipk.kz сайтымызда орналасты. Осылайша жаңа форматта жұмыстанған педагогтер отандық бейнеөнімдер саны  мен сапасын арттыруға көмек беретін болса, оларға байқаудың дипломдары мен қатысушы куәліктері біліктілік санаттарын арттыруға негіз бола алады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 сәуірдегі №152 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары» құжатының 2-тарау, 1-параграф, 10-пункті бойынша «...қатысу нысандары әртүрлі (күндізгі, сырттай, қашықтан) облыстық деңгейдегі пән олимпиадаларының, шығармашылық, кәсіби конкурстардың, ғылыми және спорттық жарыстардың қатысушылары немесе республикалық немесе халықаралық деңгейдегі қатысушылары болып табылатын бірінші біліктілік санаты бар тұлғалар мерзімінен бұрын жоғары санат алуға өтініш бере алады». Бұрынғы жылдарда облыстық деңгейдегі байқау жетістіктері жоғары санат үшін ескерілмейтін болса, жаңа ережеде педагогтерге көп жеңілдік әкеліп, педагог мәртебесін арттыруға оң қадам жасалған.

Осылайша біздің институтымызда жыл сайын дәстүрлі өткізілетін «Сабақтың үздік контенті» байқауымыз облыс педагогтеріне біліктілік санаттарын арттыруға мүмкіндік береді, облысымыз үшін педагогтер құрамының сапалық көрсеткішін 2019 жылға дейін 54%-ке жеткізуге елеулі көмек болады.

«Ауылдық мектептің цифрлық бейнесі» атты облыстық байқауымыз 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. 2014 жылы – 12, 2015 жылы – 31, 2016 жылы – 30, 2017 жылы – 25 мектеп, барлығы 98 мектеп байқауға қатысу нәтижесінде мектеп тарихының қызықты тұстары, жұмысының нәтижелері, жетістіктері, үздік тәжірибелері, цифрлық форматқа айналып, болашақ ұрпаққа пайдалы бейнеөнімдер жасалды. Барлық бейнеөнімдер youtube.com бейнехостингіне жүктеліп, сілтемелері институт сайтына орналасты. Байқау аясында әр қатысушы мектепте шығармашыл топ құрылып, фильм сценарийін жасап, барша қызықты фактілерді жинақтап 10 минуттық қызғылықты бейнеролик жасайды. Жасалған өнім сол ұжымға байқауға қатысу үшін ғана емес, өздеріне үнемі пайдаға асатындығымен құнды. Ол фильмді: 1) Мектебіне келген барша деңгейдегі қонақтарына көрсету арқылы, аз уақытта мол мағлұмат бере алады; 2) Мектеп оқушыларына көрсету арқылы, оқушыларға өз мектебі туралы терең де жан-жақты ақпарат ұсына алады; 3) Музейлеріне қоюларына болады, және жыл сайын табылған деректермен фильмдерін толықтырып, әрлеп отыруларына болады.

Байқауға қатысу үшін педагогтер облыс орталығына келу, орналасу тәрізді жол шығындары болмайды. Ең бастысы, байқау талабына сай роликтерін дайындап, контенттерін cloud-облако-бұлтқа жүктеп, сілтемелерін ұйымдастыру комитетіне белгіленген мерзімге жолдаса болғаны. Байқауды тікелей облыстық кезеңде өткізу арқылы, аудандық, қалалық білім бөлімдері қызметкерлерінің жоспарлы істеріне килігуден сақтанамыз, оларды өз аймағында байқау өткізу машақатына мәжбүрлемейміз. Әйтпесе, көптеген республикалық байқаулардың мектеп, аудан, облыс, республикалық деңгейлерді қамтып және ережелерін шұғыл түрде жолдай салуынан көп жағдайда әріптестеріміз мезі болатыны да рас.

«БАҰО «Өрлеу» АҚ БҚО филиалы БАИ ұжымында дәстүрге айналған осындай байқаулар облысымыздың педагогтер ұжымын кәсіби өсуге, болашаққа пайдалы бейнеөнімдер жасауға жетелейді.

Барша білім беру ұйымдары тәрізді біздің де атқаратын жұмыс түрлеріміз сан алуан. Түрлі бағыттағы қызметтерімізге заманауи сипат беріп, ортақ бағытқа топтастыратын – институтымыздың әдістемелік тақырыбы смарт технологиясына байланысты. Zkoipk.kz сайтымыздың көмегімен көптеген істеріміз тиімді түрде жинақталып, ұтқыр шешімдерге әкелді. Пайдалы істердің дәстүрлі сипат алуы – смарт бағытындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияларымызды жыл сайын өткізуімізден де көрініс табады.

Оқыту процесін жүргізуге ескірген интерактивті тақталардың орнына смарт теледидарлар сатып алуды ұсынамыз, себебі:

1) Интерактивті тақталардың проекторларының лампаларының қызмет ету мерзімдері өткен сайын  жарықтары өте әлсіз, экрандағы бейнелердің көрінуі нашар.

2) Оқу кабинетінде үлкен интерактивті тақтларды орнатқан жарда қарапайым тақтаға орын да қалмайды.

3) Смарт теледидарлар қолдануға қолайлы, аудиторияда ықшам орын алады, санитарлық нормаларға сай, әсіресе тыңдаушыларды смарт құралдардың мүмкіндіктерімен таныстыруға тиімді.

4) Интерактивті тақталар проекторлармен қосақталып қызмет етеді. Ол жүйенің бағасы қымбат
(10 еседей), аудиторияда алатын орны үлкен, аудиожүйесі кей нұсқаларында жоқ. Оларға қарағанда смарт теледидарлардың бағасы арзан, алатын орны аз, бейнені көрсету сапасы жоғары, аудиожүйесі өзінде болғандықтан қосымша дыбыстық колонкалар алудың қажеттілігі болмайды.

6) Интерактивті тақталар тек оқу процесінде қолданылып, оқу аудиторияларында ғана орналасады. Оның мүмкіндіктерін оқып үйренуден гөрі смарт теледидарлардың тұрмыстық техника ретінде де кең таралғандығы – оқып-үйренушілерге мол мүмкіндік береді. Функционалдық сауаттылықтарын арттыруларына жағдай жасайды.

 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин

 

Пікір қосу

Комментарий публикуется через пару секунд. После отправки, можете смотреть выше.
Пікір сайтқа сәлден кейін шығады. Жібергеннен кейін жоғарыдан қарауыңызға болады.