Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Қамқоршы, кеңесші, ақылшы, жақсы адам

Өмір көшінде әр адам жарқын жүзді, жаны жайсаң, пейілі кең жандарды жолықтыруды қалайды. Жаныңда жүрген жақсы адамдар сенің игі істер жасауыңның себепкерлері іспетті.
Мен алғаш еңбек жолымды бастаған мекемеге бір күні тұлғалық қасиеті айшықталған, сөз саптауы шебер, көзқарасы байыпты, жүзі нұрлы жан келді. Ол кісінің бойынан көп адамда кездесе бермейтін: алғырлық, өткірлік, өз-өзіне сенімділік секілді бағалы қасиеттерді бірден байқадым. Менің әрі қарай еңбек жолымда шығармашылық өсуіме, ұстаз болып қалыптасуыма ол адам үлкен септігін тигізді. Қамқоршы, кеңесші, ақылшы, жетекші бола білді.
Біздің туған өлкеміз талапты да талантты жандарға аса бай. Менің бүгінгі ой-толғанысымның өзегі де: осындай бірегей жан, көпке үлгі, өлкемізде ұстаздар қауымына етене таныс әдіскер-ұстаз - Нұрғаным Азаматқызы.
Ол туған жерін аялап, табиғаттың тылсым сырларына тереңнен бойлап, өз ғұмырын әдіскерлік, ұстаздық, зерттеушілік қызметтерге арнап келеді.
Әкесі Азамат Сәрсенұлы - әділдік пен ақиқатты ту еткен заң қызметкері болса, анасы Әсия  Қорғанбекқызы - саналы әрекетін болашақ бағына арнаған ұстаз болды. Зиялы отбасында тәлім-тәрбие алған жанның ұстаздықтай ұлы мамандықты таңдауы кездейсоқ емес. Жаны нәзік, жүрегі кең кішкентай қыз әкесін үлгі тұтып, ерекше жақсы көрді.
Ал, анасы қызының табиғатпен тым жақындығын жастайынан байқады.
Жанұя жылуына бөленіп, әке өнегесін, ана тәрбиесін алып өскен ол - зейінді шәкірт, озық ойлы жас болды.
Табиғатқа деген ерекше көзқарасы мен етене жақындығы оны А.С.Пушкин атындағы Орал пединститутының жаратылыстану-география факультетіне жетеледі.
Алғаш ұстаздық еңбегін Чапаев жалпы білім беретін орта мектебінде бастап, Орал қаласындағы №14 мектепте жалғастырып, өзінің алғырлығымен, мейірімділігімен, жәйдарылығымен, өз ісіне деген сүйіспеншілігімен шәкірттер жүрегінен орын алып, құрметтеріне бөленді.
Шығармашыл жан 1981 жылдан бері облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында әдіскер болып қызмет атқарып келеді. Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, жоғары санатты география-биология пәнінің мұғалімі Нұрғаным Азаматқызы - ізденімпаз ұстаз, білікті ұйымдастырушы, елеулі еңбектердің иегері. Жаңалыққа жаны құмар жан республика көлемінде енгізіле бастаған авторлық мектептің алғашқы бастамашысы сапында Чапаев ауданы Бударин ЖББОМ базасында Е.Очкурдың авторлық мектебінің филиалын ашса, Зеленов ауданының Камен орта мектебінде, Казталов ауданының Қараөзен орта мектептерінде лицей сыныптарының ашылуына ұйытқы болды.
Орда ауданы Бисен орта мектебінің базасында тұңғыш барып- оқыту курсын ұйымдастырды. Оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру мақсатында әдістемелік материалдармен, көрнекі құралдармен қамту үшін пән мұғалімдерімен бірлесіп жұмыс істеп келеді.
№43 ЖББОМ мұғалімі - А.Алпысбаев А.О., №5 ЖББОМ мұғалімдері - Н.Орынғалиева, С.Ізбасаров бірігіп: «Картадағы Қазақстан» атты электронды оқу құралын шығарды.
Соңғы жылдары Теректі ауданының ұстаздарымен бірлесе жасалған «Ең үздік сабақтар-2010, электрондық қосымша СД» еңбегі жарық көрді.
Нұрғаным Азаматқызының «Что мы можем сделать, чтобы помочь детьям жить без табака и наркотиков», «БҚО өсімдіктері мен жануарлары» атты әдістемелік құралдары облыс көлеміне әйгілі.
«Использование количественных методов на уроках географии» атты ғылыми мақаласы географиялық жинаққа енген.
«Жыл мұғалімі-2005» республикалық байқауының - ІІІ орын жүлдегері Райхан Биғазиеваны сайысқа дайындауда өз күшін аямай салды. Ол кісінің алдынан өтіп, шеберлігін шыңдаған, білімін жетілдірген ұстаздар өз еңбектерінің жемісін көріп жүр. Оның дәлелі – шәкірттердің республикалық пәндік олимпиадаларда оза шауып, бәйге алулары.
«Жақсыдан тек жақсылық үлгі болып қалады» демекші, Нұрғаным Азаматқызының игі істері келешекке өнеге, болашаққа сабақ боларлықтай. Ол - ізіне ерушілердің күші мен қуатына сүйенген, баршаның ықыласы мен құрметіне бөленген абзал жан. Адал еңбегімен, таза жүрегімен, сабырлы, салиқалы қалпымен көптің көңілінен шығып жүр.
Жарасымды жайсаңдығы жанының,
Жанашыры әркез білім бағының.
Тұлғасынан танылады әрдайым,
«Ұстаз» деген қасиетті әз ұғым.

Тілекқабыл Нұрышов,
№11 С.Сейфуллин атындағы
ОДБАММИК мұғалімі


 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту