Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Шәкіртін ұлықтаған үздік ұстаз

Оқуға да, еңбексүйгіштікке де қолдағы қос шылбырдай тең тәрбиеленген Сәния бала кезінен оқуға жетік, тілі орамды қыз болып өсті. Ойындағысын іркілмей айтып, аузын ашса, көмекейі көрінген ақ жарқын Сәния қыз қазақ тілі маманы болармын деп жүретін. Емтихандарды ойдағыдай тапсырып, қолына аттестат алғанда да осы ойда жүрген-ді.  «Бір ақыл - ақыл, екінші ақыл - нақыл» дегендей, жастықтың толқынында тербелген Сәнияға нағашы ағасы Зәкәрия Нәбиев: «Сен физикаға да жақсысың ғой, физматқа барсаң қайтеді?! - деп, бағыт берген  болатын. Сол 1970 жылы мектеп бітірген Сәния Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. 1974 жылы институтты тәмамдасымен, Сәния Чапаев ауданындағы Жамбыл сегізжылдық мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып аттанды. Мұнда 1976 жылға дейін тәжірибе жинап, мұғалімдік әдістің қыр-сырын үйрене бастаған Сәния өзі туып-өскен, сол кезде  Аңқаты асыл тұқымды мал заводы атанған ауылындағы ұшқан ұясына физика пәнінің маманы болып қайта  оралды. Көп ұзамай, мамандығына шеберлене түскен Сәния директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына көтерілді.
«Тап осы жылдарда - деп, өткенді еске алады Сәния Әзербайқызы  - менің мектептегі білім саласында алаңсыз жұмыс істеуіме қолайлы мүмкіндік жасаған үйдегі отбасымның рөлін айтпай кетуіме болмайды. Марқұм болған ата-енем - Бисен атам мен Күлима апам, қайныағам Тұрман, қайын сіңлім Гүлжиянның үш баланы бағып өсіру мен үй тіршілігіндегі қарекеттерді ұйымдастыруда көмегі көп болды. Сабақ берген кезде әр оқушыны физикаға қызықтырып тартуды сол ауыл мектебінен бастадым. Өйткені ауыл балаларының техниканы жете меңгеруіне ынталы болатынмын. Орыс класстарына да сабақ бердім. Сол еңбегім еш кеткен жоқ, сол Аңқаты мектебін 1993 жылдары  Зайнуллина Айгүл Алтын белгімен, Сейтқалиева Ғалия Күміс белгімен бітірді. Мектепті Ерекше аттестатпен 5 оқушы бітіріп шықты. Олардың есімдерін әлі ұмытқаным жоқ. Ғұсманов Сайран, Дәулетияров Сайран, Дәулетияров Дархан, Серғазиев Мақсат, Рысқалиев Алтай болатын.»
Кешікпей білім беру ісіндегі жауапкершілігімен қоса, сабақ беруде өзгеге үлгі боларлық тәжірибе жинақтаған, тәжірибелі мұғалімдік қабілетімен және жеке басының азаматтық қасиетімен көрінген ол кешікпей оқу ісінің орынбасарлығына көтерілді. Жыл өткен сайын сабақ беру тәсілі мен іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті айқындала түскен Сәния Әзербайқызы мектеп директорлығына тағайындалды.
Иә, Сәния Әзербайқызы директорлық қызмет атқарған сол бір 1993-2000 жылдар аса қиын жылдар болған еді. Ұядай ұйып отырған колхоз-совхоз таратылып, ауылды жұмыссыздық жәйлады. Әркім әр қалай күн кешті. Билік басындағылар тығырықтан шығудың жолын іздесе, кейбіреулер қарпып қалудың тәсілін іздеді. Сауда да көп, ала сөмке арқалаған саудагер де көп, ұрлық та көп, ұры да көп, аласапыран  болған кез еді ол.
Дегенмен, ел ертеңге сенді,  Елбасына сенді. Осы ертеңге сенген елмен бірге білім беру қызметкерлері де жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы ең құрметті де қиын қызметтерін тастамады. Бірнеше ай бойғы ақшасыз қиналыс, отынсыз, жылусыз қалған мектеп, каникул кезіндегі күнкөріс үшін сауда жасап, сүйрелген ала дорба - бәрі де мұғалімдер қауымының басынан өтті. Сол кездерді Сәния Әзербайқызы былай деп еске алады: «Мұғалімдер ақшасыз. Бірақ, күнде жұмыс істейміз. Өйткені балаларды білімсіз қалдыруға болмайды ғой. Соғыс кезінде де сабақ берілді емес пе? Мектеп салқын, оны жылытатын отын да жоқ. Мектеп ішінде азық-түлік дүкені болды. Сол дүкендегі азық-түлікті ақшасыз жүрген мұғалімдер болып, жаздырып ала беріп, ішіндегісін бәрін тауысып, дүкенді «банкротқа» ұшыраттық қой. Біздің ауылда да көпшілігі саудамен айналысты. Мектептен саудаға кеткен ешкім болмады ғой деймін. Менің де бала оқытудан басқа қолымнан ештеңе келмейтін.»
Сол ауыр жылдарда 7 жыл мектеп директоры болған кездегі уақытпен өлшенбейтін еңбек Сәния Әзербайқызының денсаулығына сызат түсірмей қоймады. Ауруы әбден меңдеген ол, аурухана төсегіне жатуға мәжбүрленді. Емделіп, аурудан құлан-таза жазылмаса да, беті бері қараған Сәния Әзербайқызы отбасымен Орал қаласына көшуге бел буды. Сол жылдардағы жұмыссыздық ауыл тұрғындарының қалаға үдере көшуіне себепші болды. Қалаға көшкен ауылдастарының сапына қосылған отағасы Бақтығали Мұхамбетжанов екеуі үш баламен пәтер жалдап, қаладағы алғашқы қиын күндерге де көндіге бастады. Жаз бойы денсаулығын, жалдамалы пәтерін қалпына келтірген Сәния Әзербайқызы толассыз тіршілік пен қам-қарекеті таусылмайтын қала тұрғынына айналды.
«Жерлесің жерге тастамас, елдесің болмас бақталас» дегендей, қаладағы №43 мектепке жұмысқа орналасуына да, пәтер жалдауына да қолұшын беріп, көп көмек еткен Сапура Мусина сынды жандардың көмегі мен ілтипатын Сәния Әзербайқызы әлі ұмытпайды. Үш жыл пәтерде жүріп, физиканы оқытқан мұғалім шеберлігі  бұл мектепте одан әрі шыңдала түсті. Зерек те ынталы оқушыларды физика әлеміне қызықтыра тартып, тәжірибе жасауға баулып, шығармашылыққа жетелей берді. «Орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба» - деп, ұлы Абай бекер айтпаған екен. Пәтерде жүрген Сәния Әзербайқызының жұмыс істеуге қабілеті болғанмен, өз ісіне қанағаттанбау тәрізді көңіл алаңы көбейе берді. Сөйтіп, пәтерден қиналған отбасы ауылдағы үйді бұзып, «Қазақ» ауылынан жер алып, асарлатып үй тұрғызып алды. Үй салу да оңайға түскен жоқ. Тек бүгін айтуға ғана жеңіл болатын...
Дәл осы тұстан Сәния Әзербайқызының шығармашылық жұмысы басталды десе де болғандай. Физика пәнінің мұғалімі ретінде балаларды тәжірибе жасауға баулып, мектептегі шығармашылық топтың жетекшісі болды. 2003 жылдан бастап С.Әзербайқызын М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы» қатты қызықтырды. Физикадан шығармашылық топты жетілдіре жүріп, осы модульдік оқытуға шындап ден қоя бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күйзеліс пен тығырықтан ақырын құтыла бастаған мемлекетіміз білім беру саласына жете көңіл бөле бастаған еді.
2005 жылдардағы мемлекеттік бағдарламаға сәйкесті мектептердің жабдықталуы шыңдалған физика маманының кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен себепші болды. Сол жылы Сәния Әзербайқызы жұмыс істейтін мектептегі физика кабинетінің  ақпараттық құралдармен толық жабдықталуы озық технологияны физика сабағында қолдануға үлкен септігін тигізді. Нәтижесінде ол оқушыларға физиканы оқытуды мемлекеттік стандартқа сай жоспарлы жүргізе отырып, олардың шығармашылық қабілетінің дамуына қол жеткізді.
Уақыт өте келе, бұдан да терең, мазмұнды білім деңгейіне жету үшін қарқынды оқыту технологиясын  қолдану қажеттігін ескеріп, осы бағытта іс-тәжірибе жинақтады. «Физика пәнін оқытуда ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану» шығармашылығындағы проблемалық тақырыбына айналды. Ал, 7-8 сыныптарға арналған модульдік оқыту технологиясына бейімделген бағдарламасы әуелі қала, сосын облыс және республика көлеміне тез арада тарады. Осы модульдік оқыту технологиясын іске асырып, дамытуға мектептегі физика кабинетіндегі проекциялық слайдтар, электрондық оқулықтар, арнаулы физикалық стендтер, интерактивті тақта мен компьютер, графопроектор, бейнепроектор, документкамера, планшеттер, тестілеу құрылғылары тәрізді физикалық түрлі құрал-жабдықтар, өзінің білімін алдындағы балаларға үйрету арқылы ұстаз  шығармашылық ізденісінің өрлеуіне қолайлы жағдай туғызды.
2008 жылы мектепке арнаулы интерактивті физика кабинеті бөлінді. Осы кабинет құрамындағы ХрLorerGLX автономды қондырғысын пайдалану арқылы оқушылармен кіші ғылыми-зерттеу жұмысы мен зертханалық жұмыстар және физикалық практикумдар орындалып, ұстаз оқушылармен бірге көп жетістікке қол жеткізді. Осыған орай 10-сыныпта физика-математикалық бағдарлы оқытуды негізге ала отырып, арнаулы интерактивті кабинеттің мүмкіндігін пайдалануға байланысты физика пәнінің  мұғалімдеріне арналған облыстық, қалалық семинарларда ашық сабақтар берілді.
Міне, осылайша тұтас сыныппен жұмыстана отырып, Сәния Әзербайқызы физика сабағының ғылыми негізін нақтылап, іс-тәжірибе арқылы әр баланың физика пәніне деген қызығушылығын арттырды. Қорытындысында оқушының ақпараттық сауаттылығы дамып, білімдері арта түсті. Осындай жаңа құралдармен жұмыстану арқылы оқушылар өлшеу қателіктерін анықтауда Гаусс формуласын жақсы меңгеріп шықты. Сәния Әзербайқызының осы ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдануға көңіл бөлуінің басты себебі: оны сыныптарда қолдану арқылы оқушыларды өз бетімен жұмыстана алатын тұлға қалыптастыруға тәрбиелеу болатын.
Пәнді терең оқытып, тәжірибе жасаудың нәтижесінде үздік ұстаз оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жобаларға жиі қатысып тұрады.
Шәкірттері үнемі  облыстық, қалалық білім сайыстарына қатысып, олармен тынымсыз еңбектеніп, қабілетті балалардың шығармашылығын ашуда тер төгіп жүрген үздік ұстаз бірнеше жылдан бері Ұлттық Бірыңғай тестілеу апелляциялық комиссиясы мен 2008 жылғы Президенттік олимпиада және қалалық аттестациялық комиссияның мүшесі болды. «Баланың білімді болуы ұстазынан» деген ұстанымды алға тартқан ұстаз ізбасар шәкірттеріне таудай талап тілейді. Қазір ол өзі жұмыс істейтін №43 мектепте жас мұғалімдерге өзінің әдістемелік тәжірибесін үйретуде ерінбей-жалықпай еңбектеніп келеді.
Үздік ұстаздың физика пәнін өте жақсы оқыған көптеген оқушыларының арасында әртүрлі мамандық иелері бар. Ұстаз олардың есімдерін қашан да мақтанышпен айтып отырады.
Үнемі ізденіс пен шығармашылық үстінде жүретін Сәния Әзербайқызының облыс көлеміне жарияланған іс-тәжірибесі авторлық бағдарлама ретінде «Физика және астрономия» журналына жарияланды. ІІІ Республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, жасаған баяндамасы құндылығының арқасында жинаққа енді. 2010 жылы «Тұрақты ток заңдарына есептер шығару» тақырыбындағы сабағы Оn-lіnе режимінде облыстық деңгейде таратылды. Ал, 2011 жылғы облыстық «Үздік Оn-lіnе сабақ» байқауында ол І орынға ие болды. Ал, осы байқаудағы сайыста 300 кісінің дауыс беруіне ие болып, «Интернет-дауыс берудің жеңімпазы» номинациясын жеңіп алды. Бұған қоса, Атырау қаласында өткізілген республикалық семинар кеңесте «Жалпы білім беретін орта мектепте физика пәні оқушыларының оқу-әдістемелік кешені мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Осылайша соңғы он жыл көлемінде физика пәнін оқытудағы жетістігі және инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізудегі белсенділігі үшін Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған тәжірибелі ұстаз Сәния Әзербайқызының еңбегі туралы мәлімет Республикалық «Призвание – учитель» энциклопедиясына енгізілді.
Астанада өткен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арналған «Наурыз» кездесулері бағдарламасына қатысып, оқушылармен  «Арнаулы интерактивті физика кабинеттерін қолдау» тақырыбына арналған фильмді тамашалап, Ресей мемлекеті мен біздің республикамыздың физиктері іс-тәжірибе алмасуына қатысты. Бұған қоса осы басқосуда  Колмогоров атындағы СУНЦ оқытушысы, физика-математика ғылымының кандидаты С.Р.Варламовтың лекциясын тыңдап, физика тәжірибелерінің көрсетілімі, физикалық отшашулар іс-тәжірибелерімен танысып қайтты. Жиі-жиі жарыстарға қатысып тұратын оқушыларының қатары жыл сайын толығып отырады. Солардың бірі «Ғылым әлемін ашамыз» атты облыстық байқауының аймақтық І кезеңіне, ІІ іріктеу  кезеңіне қатысып, «Экология және ғарыштық қызмет» секциясында  Тасқали Тайыр І орын иеленсе, Темірбаев Бағдат «Күн жүйесі» секциясында ІІ орын алды. М.Өтемісов атындағы БҚО университетінің оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Жәлел Сырым жетекшілігіндегі Тасқали Тайыр аймақтық байқауда І орын алып, Байқоңырда өтетін Халықаралық жарысқа қатысты.
Бұған қоса 2011 жылдан бері мектептің физика кабинеті интерактивті физика кабинетін қолданудың қорына қатысып келеді. Осы қордың жұмысы негізінде үстіміздегі жылы 8-сынып оқушылары республикалық қорға қатысатын болды. Онда сынып оқушылары «Жылу қозғалыстарының техникадағы маңызы»  деген тақырыппен  бармақшы. Үздік тәлімгер ұстаздың кабинетінен жыл сайын физикаға қабілетті машықкер-студенттер тәлім алып отырады. Солардың бірі үздік студент Дүкенбаев Ернұр өз оқу орнының 80 жылдығы құрметіне 9-сыныппен ашық сабақ өткізбекші. Машықкер-студент Ернұр тәлімгер ұстазы туралы: «Бір сөзбен айтқанда, бұл кісіден барлық жақсылық атаулыны алуға болады. Керемет адам. Әттең тілім жетпей тұр» - деп, ағынан жарылды.
Ұстаз тек оқушыға білім берумен ғана шектелген жоқ, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде физикалық терминологиялық сөздік құрастырып шығару бағытында жұмыстануда. Табанды да жігерлі, іскер Сәния Әзербайқызы жыл өткен сайынғы ізденісінің нәтижесінде ІІІ Республикалық педагогикалық оқулар жинағына баяндамасы енгізіліп, «Интерактивті физика кабинетін қолдану тәжірибесі» бейнефильмі мен «Жылу машиналары» тақырыбындағы Оn-lіnе режиміндегі сабағы республикаға таратылды. 2011 жылы Атырау қаласында өткен республикалық семинар-кеңесте баяндама жасады. 2008-2011 жылдары Қалалық білім беру бөлімінің, Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамоталарына» ие болса, өткен жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Отбасында Тұрлан, Ақмарал, Саламат атты ұл-қыз өсіріп, үлкен ұлы Тұрланның балалары Мәдина мен Мақсатты (өмірден ерте озған келіні, марқұм Жанар Әлсейітованы жоқтатпай) бағып-күтіп, ер жеткізу де отбасына оңайға түскен жоқ. Тек екі бала ғана емес, Тұрландай азамат та, күтімді, қамқорлықты күтетін жасқа жеткен өз  отағасы - Бақтығали мен Сәния ұстазға да аса ауыр болды. Шаңырағы шайқалып, келінсіз босағасы бос қалған отбасына қызы Ақмарал қарлығаштай болып қайтып оралып, күйеуі Асыланбек екеуі үлкендерге сүйеу, кішілерге қамқор болды. Басына іс түскенде біріне-бірі сүйеніш болған туыстар 3 айлық қалған ұл Мақсат пен 5 жастағы Мәдинаны бағып-қақты. Сол бір қиындықтардан ептеп шыққан отбасының көз-қуаныштарына айналған Мәдина мен Мақсат бүгінде №43 мектептің оқу озаттары болып ержетіп келеді. Қызы Ақмаралдан Әмина мен Әсемдей екі жиен қыз сүйіп отырған ұстаз, кенже ұлы Саламатты да Самал келініне үйлендіріп, көңілі жәйланғандай. Бүгінде №43 мектепте физика пәнінен дәріс беріп, шәкірттерін білім қиясына қанаттандырып, физика әлеміне өмірдегі тәжірибесімен жетелеп, шәкірттерін ұлықтап, жас мұғалімдерге өзінің әдістемелік тәжірибесін үйретуде еңбектеніп келе жатқан Сәния Әзербайқызы Өтеева үлкен шығармашылық үстінде.

Рысты Қалауқызы,
(2011 жыл)

 

Пікір қосу

Қорғау коды
Жаңарту