Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Төр – мұғалімдікі немесе келешекті Кембриджбен ұштастыру идеясы қалай жүзеге асуда?

Бүгінгі таңда елімізде білім сапасын арттыруға айрықша маңыз беріліп, осыған орай жанбасылық қаржыландыру, ұлттық деңгейдегі сапаны бақылау, Кембридж университеті бағдарламасы бойынша мұғалім біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі, колледждер мен ЖОО түлектерін тәуелсіз сертификаттау бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып отыр. Осы ретте жоғары білім беру саласында жыл сайын 1000 таңдаулы шетелдік профессорларды шақыру, ЖОО желісін оңтайландыру тәрізді жаңалықтар да көкейге қонады. Мұндайда әрине, жаңа технологияларға көшу мұғалімнің рөлін төмендетіп жібермей ме деген күдікті сұрақтың туары әбден заңды. Алайда, қазіргі дамыған елдердегі оқу үлгерімі бұл күмәнді түбегейлі жоққа шығарып отыр. «Е-Iearning» жүйесі арқылы білім деңгейінің 15-20 пайызға көтерілгендігі оған толықтай дәлел бола алады. Яғни оқушы өмірге анағұрлым жақсы білім қорымен араласу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. 2011 жылы 44 білім ұйымында қанатқақты жоба өткізу арқылы мұндай фактінің растығына көз жеткізілген еді. Бүгінде еліміздің 600-ге жуық мектебі мен колледжі «e-Iearning»-ке қосылған десек, 3-5 жылдың бедерінде оқу орындарының басым бөлігі оқытудың тың түріне түгелдей ауысады деп күтілуде. Ал мұғалім рөлі мұнан ешбір де төмендемейді, өйткені, бұрын өтіліп келген сабақтар кестеден алып тасталмайды, тек оқытудың жаңа құралы ғана іске қосылады. «E-Iearning» міне, сол оқу үдерісі мен білім беру ұйымдарын басқаруды жүзеге асырады.
Электрондық оқыту бағдарламасынан хабардар болу үшін облыстағы білім басқармасымен, білім саласын бақылау департаментімен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы базасындағы педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен, т.б. білім мекемелерімен бірлесіп, осынау мемлекеттік ауқымды бағдарламаға байланысты ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Бүгінде құжатты электронды рәсімдеуге мән беруіміз, екі апталық дәстүрлі курстарға электрондық дәрістерді енгізуіміз – осы бірлескен жұмыстың нәтижесі деуіме болады. «Zkoipk.kz» сайтына «e-learning» жүйесі енгізіліп, бүгінде ақпараттарды жинау деңгейінде жұмыс істеп жатырмыз.
Өткен жылдың 4 сәуірінде еліміз бойынша Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының үшінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша үш айлық курстар басталған болатын. Бағдарламаның негізіне алынған сындарлы оқыту теориясына  сәйкес «Құзыретті мұғалім құзыретті оқушыны қалыптастырады» деген идея 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың Тұжырымдамасындағы: «Білім берудің негізгі міндеті – білімдік шоғырланудан нәтижеге бағытталған құзыреттілік тұрғыға көшу...» деген бағытына сәйкес келетінін атап өткім келеді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» 2012 жылы өткізілген 1-ші легінде 110 мұғалімнің барлығы дерлік біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, республика көрсеткіші бойынша І орынға көтерілсе, 2-ші лектегі сабақ қорытындысында 186 мұғалім біліктілік сынағынан ойдағыдай өтіп, республика бойынша ІІІ орынға табан тіреді. Бүгінде институтта 290 мұғалім білімдерін жетілдіруде, олардың да жоғары нәтиже көрсететініне еш күмән жоқ. Сонымен қатар, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне, мектеп директорлары мен орынбасарларына Кембридж бағдарламасын түсіндіру семинарларын өткізуде.
Кез келген маманды кәсіби даярлау кезінде ең алдымен, теориялық білім тәжірибе жүзінде тексерілетіні мәлім. Кембридж бағдарламасының идеясы да осы бағытта жүзеге асады. Нақтылап айтсақ, үшінші деңгей курсының бағдарламасы 3 кезеңнен тұрады: бірінші бетпе-бет – қашықтықтан оқыту (мектептегі тәжірибе) кезеңі, екінші бетпе-бет – оқу курсы 12 аптаға созылып, әр аптада бес күн (8 сағат) оқиды, ал сенбі әр адамның өзінің жеке басының білімін жетілдіруге беріледі. Деңгейлік курстың үшінші (базалық) даярлығынан өткен педагог бірінші айда теориялық білім алса, екінші айда алған білімін өз сабағына пайдалануға мүмкіндік беріледі, ал үшінші айда әр педагог жіберілген қателіктерін елеп-екшеуі нәтижесінде кешенді талдауға көшеді, яғни өз тәжірибесіне өзгерістер енгізуді жоспарлайды, есептер мен тұсаукесерлерден тұратын портфолио жасақтап, біліктілік емтиханын тапсырады.
Мұғалімдердің кәсіби мәртебесі мен тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесі мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп отыр. Соның бірі – педагогтың жалақысын өсіру болып табылады. Осы ретте айта кететін бір жайт, біліктілік емтиханын тапсырған сертификат иесі бүгінде өзінің пайыздық төлемақысына ие болуда.
Мұғалімдерді әдістемелік қолдау мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» тренерлері он-лайн режімінде семинарлар мен шеберлік-сыныптарын өткізуде, мұғалімдердің күнделікті сабақтарына қатысуда, ПШО сайты арқылы форум мен желілік қауымдастықта пікір алмасуда, интернет желісі арқылы жекелеген білім саласы қызметкерлеріне ақыл-кеңес беруде. Бұл жұмыстарды жетілдіре түсу үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» базасында «trener.orleuzko.kz» атты үш айлық курстан өткен мұғалімдердің желілік қоғамдастығы құрылды.
Әрине, электронды оқытуды енгізу үшін ең алдымен, мектептердің электр желілері кең жолақты интернет қосылғанда, жүктемені көтере алатындай дәрежеде жұмыс істеуі керек. Ал қазір облыстағы 413 мектептің 30 пайызы кең жолақты интернетке қосылып, жылдан-жылға компьтерлендіру ісі жолға қойылуда. Кей мектептерде сынып журналы мен оқушы күнделігінің электрондық жүйемен жүргізіле бастауы – болашақтағы «Сөмкесіз мектеп» бағдарламасының алғашқы қарлығаштары іспетті. Мұның пайдасы өте көп. Мәселен, ата-ана мұнан былайғы уақытта баласының сабақ үлгерімін интернет арқылы біліп, қадағалап отыру мүмкіндігіне ие болмақ. Сол себепті қазір мектеп директорынан бастап, мұғалімдер мен тәрбиешілерді арнайы сыныптан өткізуді кезек күттірмейтін мәселе деп санаймыз. Ал былтыр желтоқсанда Кореяның Сеул қаласында «е-learning» жүйесі бойынша өткен семинарға институт директорының орынбасары Е.Сафуллин қатысып, республикадан барған делегаттардың атынан шеберлік сыныбын өткізіп, бейнедәріс жасап қайтты. Мұның өзі қазақстандық білімнің халықаралық деңгейге ұмтылысының бір дәлелі деп есептеймін. Ал, өз басым  заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың бүгінгі қарқыны өсіп-өркендеуі үшін шетелдік тәжірибенің озық тұстарын қабылдауды барынша қолдаймын. Себебі, жаһандану үдерісінен тыс өмір сүру мүмкін емес. Осыған орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиал директорларын өткен жылы Сингапурға іссапармен алып барды. Сингапур оқытушылар одағы өткізген семинар біліктілікті арттыру мәселелерін шешу тұрғысында көпшіліктен кең қолдау тапты.
Сондай-ақ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» «Кембридж бағдарламасы – тәжірибеде» атты облыстық семинар өткізудегі ойы да жаңаша жұмыс істеуге ұмтылыстан туған. Ол Америкадағы Кембридж университеті бағдарламасы бойынша институтта үшінші базалық деңгейлік курстарда оқып шыққан қала мен аудан мектептері мұғалімдерінің бірінші бетпе-бет кезеңін қорытындылауға арналды. Бағдарламаны түсіндіруші тренерлерді дайындаудың өзіне көп тер төгілді. Олар  былтырғы жылы Кембриджден келген шетелдік әріптестерімен бірге әзірлік курстарын бастады. Бұл бағытта атқарылған шаралар болашақта өзінің тиісті жемісін береді деп сенемін. Өйткені, өткен жылы курс жұмысы Кембриджде талданып, бағалана келіп, 296 педагогке 3 деңгейдің сертификаты тапсырылған болатын. Менің үш деңгейлі курстарға ең таңдаулы ұстаздарды іріктеп жіберу керек деп айтып отырғаным сондықтан. Білім сапасы әділеттілік орын алған жерде ғана өсіп, өркен жаяды. Тағы бір ескерер жайт, педагог мамандығына жастар тек диплом алу үшін бармауы керек, жүрек қалауымен, жан дүниесімен таңдаса екен дейсің. Өйткені, олар елдің ертеңіне жауапты адамдар ғой. ХХ ғасыр басында ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген екен. Бұл, сірә, мұғалімге қойылар талап оңай емес, зор жауапкершілікпен атқарылатын асыл парыз дегендікті меңзеген қанатты қағида болса керек. Ал қазір қалай? Мұғалімнің орны төрде ме, төменде ме? Біз төрге оздырғымыз келеді.

София Измуханбетова,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

 

Пікірлер 

 
0 #1 MADINA 2016-12-15 20:04 ЖАЛАҚЫМЫЗДЫҢ 2016 ЖЫЛЫ ОҚЫҒАНДАР ҮШІН АСЫРЫЛМАЙТЫНЫ ОЙЛАНДЫРУДА Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту