Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Педагог кадрлар деңгейін көтеру және білім сапасы

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында білім беру саласын дамыту қажеттігі және оны жүзеге асырудың тиімді жолдары туралы атап айтылған. Онда, ең бірінші орынға білім беру үрдісінде алдыңғы қатарлы заманауи әдістемелер мен технологияларды қолдану мәселесі көтерілсе, екінші маңызды мәселе ретінде педагогтардың сапасын арттырудың маңыздылығына назар аударылады. Елбасы осы Жолдауында сондай-ақ,  білім алушыларға тек білімнің өзін ғана емес, оның әлеуметтік ортаға бейімделу барысында өз білімін тиімді пайдалану жолдарын үйретудің маңызын айта отырып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық іс- қимыл Жоспарын қабылдауды Үкіметке тапсырды.
Осы тапсырмалардың мәніне үңілсек, олардың бірінен – бірі туындайтын сабақтастығы айқын көрініп тұр. Атап айтқанда, білім беруде жаңа технологияларды кеңінен қолдану педагогтардың кәсіби сапасын көтеру арқылы ғана мүмкін болса,  сапалы оқытудың нәтижесі – оқушылардың функционалдық сауаттылығы болары сөзсіз.
Біз осы жерде функционалдық сауаттылық ұғымына және оның бүгінгі өзектілігіне тоқтала кетейік. Қазіргі таңда посткеңестік  кеңістікте ғана емес, батыстың алдынғы қатарлы дамыған елдерінде де білім беру сапасын жаңғырту өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Экономикалық дамудың жаңа факторы ретінде инновациялық үдеріспен бірге өрлеп келе жатқан білімділікке сұраныс қалыптасуда, бұл экономика әлемде білімділік экономикасы деп аталуда.   
Европалық Экономикалық бірлесу және даму ұйымының (ОЭСР) дамыған елдерде жүргізген зерттеулеріне үңілсек, олардың тұжырымдарында  білімділікпен қатар, алған білімді өз бетімен пайдалана алатын, оны қажетіне қарай одан әрі дамыта білетін функционалдық сауаттылықтың қажеттігі алға қойылған. Сонымен қатар, бұл оқушы бойында құзыреттілік сапаларын қалыптастыру нәтижесі деп те түсіндіріледі.  
Білім алушының білім, білік, дағдыларымен қатар, құзыреттілік сапаларының болуын қажет ететін тенденциялар қазіргі заманның «білім алу заманына» айналып келе жатқанын көрсетеді.  «Білім беруден – білім алуға», «оқытудан – оқуға» көшу парадигмасы білім беру ресурстарын қайта қарау талаптарын қойып отыр. Соған орай,  функционалдық сауаттылықты дамыту төмендегі іс-әркеттерді тиімді ұйымдастыруды қажет етеді, олар: білім стандарттарын жаңарту және оны әр оқушыға тиісті дәрежеде меңгерту; оқыту процесіне жаңа әдістер мен технологиялар енгізу, білім беру ұйымдарын коммуникативтік – ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету.
Интеллектуалды ұлт қалыптастыру міндеттері функционалдық сауаттылықты  дамытуға негізделетіні белгілі. Ол, біріншіден, интеллектуалдық еңбектің мәртебесін көтеріп, жастардың білімділікке, парасаттылыққа, Отан мен халыққа қызмет етуге  деген қарым-қатынасын өзгертуді; екіншіден – ұлттық интеллектінің діңгегін құру, ол үшін халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді, жаңаша ойлайтын, қабілеті мол тұлға қалыптастыруды; үшіншіден – білім, ғылым және инновациядағы серпілісті қамтамасыз ету міндеттерін іске асыруы тиіс.
Бұл міндеттер білім беру үрдісінде төмендегі сұраныстарды: әр оқушының барлық пәндер бойынша білімінің тиісті стандарттарын меңгеруін; білімін дамытуға қажетті ақпараттарды сұрыптай алуға қабілетті болуын; өзгелер пікірімен санаса отырып, қарым-қатынаста өзінің ой-пікірін еркін білдіре алатын болуын; олардың бойында өз білімін үнемі жаңғыртып отыратын және жаңа дағдыларды игеріп отыратын белгілі бір дәрежедегі интеллектуалдық сапаларының қалыптасуын қажет етеді.
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі білім сапасына қойылар талаптар дәстүрлі білім, білік, дағдылар болуынан да жоғары.  Бұл жерде маңызды нәрсе құзіреттілік білім мен біліктілікке негізделеді,  яғни функционалдық сауаттылық пен құзіреттілік негізі білім мен біліктіліктен тұрады.
Білімнің жаңа нәтижелеріне қол жеткізу білім беру жүйесінің барлық деңгейлерін өзара сабақтастықпен жаңғыртуға, білім мазмұны мен білім беру үрдісін ұйымдастыруды жетілдіруге тікелей байланысты. Соған сай білім үрдісінде білім ресурстарының қайта қаралуын қажет етеді. Олар: 1) стандарттар мен  бағдарламаларда білім беру мақсатының, білім нәтижелерінің нақтылануы; 2) мұғалімнің ролі өзгеруіне сай әдістер мен технологияларының өзгертілуі; 3) білім беру менеджментінің өзгеруі.
Бүгінгі еліміздің білім саясатында әлем тәжірибесін шолу арқылы білім жүйесіндегі жаңа міндеттер қарастырылуда. Білім саласын Стратегиялық дамыту жоспарында төмендегі бағыттар белгіленді:
1.    Қандай да бір ел өзінің адами  ресурстарының дамуын ұзақ мерзімді даму стратегиясының аса жоғары басымдылығы ретінде  айқындайды.
2.    Сауатты адамдарсыз заманауи инфрақұрлымды  дамыту, тиімді мемлекеттік аппаратты құру, қолайлы бизнес ортаны қамтамасыз ету мүмкін емес.
3.    Білім беру жүйесін жетілдіру, ең алдымен оның сапасын арттыру – мемлекеттің таяу онжылдықтағы басты басымдықтарының бірі болып табылады.
Сонымен қатар, «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасында» білім сапасын қамтасыз ету басымдылық ретінде белгіленіп отыр.
Осы бағытта нақты жұмыстар жүзеге асырылуда, атап айтқанда, орта мектептер интеллектуалды ұлтты қалыптастыру базасы деп анықталып, облыс орталықтарында Назарбаев Интеллектуалдық мектептері ашылуда. Болашақта оларда қалыптасқан инновациялық модель жалпы білім беретін мектептері желісіне тарайды деп күтілуде. Сонымен қатар, «Назарбаев Университет» - жоғары білім берудегі негізгі серпінді жоба болып табылады, оның негізіне алынатын әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер тәжірибелері зерделенуде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 шілдедегі №778 қаулысымен елімізде білім сапасын бақылаудың бірыңғай вертикалі құрылды. Барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында ашылған білім саласындағы бақылау департаменттері білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізу жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл – білім сапасын арттыру және білім ұйымдарымен кері байланысын қамтамасыз ету мақсатында жасалған маңызды қадамдардың бірі.  
Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұлов 2011 жылы 1 наурызда Тараз қаласындағы кездесуде атап көрсеткендей, бүгінгі таңда мектептердің беріп жатқан білімі, теориялық жағынан алғанда өте маңызды. Алайда, оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдана білуі тым жеткіліксіз. Осы мақсатта мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгертіліп, әлемдік тәжірибе негізінде қайта даярлаудың жаңа бағдарламасы мен әдістері әзірленуде.  
Педагогтардың сапасы мен біліктілігін көтеру –білім сапасын арттырудың басты негізі екені белгілі. Осыған сәйкес, оқыту процесіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу халықаралық тәжірибенің және білім жүйесінде үлгі болып отырған Назарбаев Университеті мен интеллектуалдық  мектептерінің негізінде жүзеге асырылатын болады.
Біліктілікті арттырудың бұрын болмаған инновациялық жүйесі – педагогикалық шеберлік орталықтарында 5 жыл ішінде мұғалімдердің жартысын қайта даярлау жоспарлануда.
Сонымен қатар, мектеп деңгейінде де педагогтерді өзіндік мотивациялары негізінде дамыту, біліктілігін көтеруге назар аударып, оған кәсіби шеберлігін көтеруге қолдау көрсету қажет. Жүргізіліп жатқан мониторинг барысында педагогикалық ұжымдарда қалыптасқан әдістемелік жұмыстардың жеткіліксіздігі айқындалып отыр.
Білім сапасын арттыру міндетін іс жүзінде жүзеге асыратын мұғалім болғандықтан, педагог кадрларды қолдау мына бағыттарда жүргізілуі тиіс:
    бүгінгі қоғам талаптарына сай интеллектуалдық ұлтты қалыптастырудағы жаңа әдістермен оқытудың алатын орнын түсіндіру;
    осыған сай білім беруде нені өзгерту қажеттігін талдау;
    педагог кадрлардың инновациялық деңгейін, жаңа құзіреттілік сапаларын дамыту;
    олардың жаңа біліктілік сапасын белгілеу, соған сай кәсіби өсіп отыруына жағдайлар туғызу.
Әлемдік «Мак Кинзи» компаниясының кеңесшісі, Ұлыбританиядағы білім сапасының сарапшысы М.Барбер «білім беру нәтижесін түбегейлі өзгертудің басты үш факторы бар, олар: педагогтік қызметке соған лайық адамдардың келуін қадағалау, оларды оқытушылық қызметін тиімді жүргізуге қажетті деңгейде даярлау және әрбір білім алушыға  сапалы білім беруге қолайлы жағдай туғызу. Өйткені, кез-келген білім беру ұйымындағы білім сапасы онда жұмыс істейтін оқытушылар сапасынан жоғары болуы мүмкін емес» деген. Ол сонымен қатар, өзінің көптеген елдерде жасалған зерттеулеріне сүйене отырып, «әлемдегі нәтижесі жоғары білім беру ұйымдарын басқарудағы бәріне ортақ қасиет – ұйым жұмысындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізудің бірден-бір факторы педагогтерді дамытуға қажетті жағдайлардың жасалуы» деп тұжырым жасаған.
Білім сапасына қойылатын жаңа талаптар білім мазмұнын игеруде мұғалімнің оқушымен қатар тұруын қажет етеді, бұл жағдайда мұғалім өзінің ұстаздық позициясын жоғалтпайды, керісінше, білім алушыны мотивациялау, оған кеңес беру мұғалімдіктің жоғары деңгейін талап етеді. Себебі, оқушыға білімді, ақпаратты алудың жолдары мен амалдарын беруде, оны түсіну мен тиімді пайдалануға үйретуде, өзін бағалау, өз біліміндегі олқылықтар мен жетістіктерді білуде және олармен жұмыс істеуде, оқу материалдарын сұрыптау мен оқыту үрдісін тиімді ұйымдастыруда мұғалімнің жетекшілігі қажет екені белгілі.
Қорыта келгенде, оқытудағы басты назар оқушыға білімді түсіндіру арқылы беруге емес, оның өзінің жаңа тақырыпты игеруіне әдістемелік қолдау көрсетуге аударылуы тиіс. Бұл міндеттер педагогтерде қалыптасқан ойлау мен іс-әрекеттік дағдыларын, оқытудың қалыптасқан әдістерін өзгертуді талап етеді. Сондықтан педагогтер қатарында инновациялық-коммуникациялық, әдістемелік-ақпарттық  проблемаларды шеше алатын, оқушымен бірлесіп әрекет етудің жаңаша үлгілерін жасай алатын адамдар болуы – бүгінгі басты сұраныстардың бірі. Сонда ғана мұғалімдер білім стандарттарын меңгертудің тиімді жолдарын жақсы игеріп, оқушылардың оқудағы жетістіктері объективті бағаланады және шын мәніндегі білім сапасына қол жеткізеді дей аламыз.

Светлана Бахишева,
Педагогика ғылымдарының докторы, доцент


 

Пікір қосу

Қорғау коды
Жаңарту