Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика

ҰБТ туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ҰБТ форматын одан әрі жетілдіріп, жаңа оқу жылында қажетті шаралар қабылдау үшін, оған жұртшылықтың белсенді қатысуы қажет деп есептейді. ҰБТ қолданысқа енгенен бері Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі сапалы білім беруде тұрақты жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Республикалық деңгейдегі мектептің инновациялық тәжірибесіне сүйене отырып, ҰБТ туралы өз пікірімізді жұртшылыққа ұсынып отырмыз.

ҰБТ-ға қатысты еліміздің жалпы білім беретін мектептері мол тәжірибе жинақтады. Олар: мектеп бағдарламасын тест сұрақтары арқылы қамту және аз уақыттың ішінде жүздеген оқушының білім деңгейін анықтау мүмкіндігі; біртұтас мектептің педагогикалық ұжымының сапалы білім беруге қатысты атқарып отырған жұмыстарының нәтижесін нақты көріп отыруға мүмкіндіктің жасалуы; жалпы білімнің жоғарғы сатысында, бүгінгі талапқа сай, бейінді білім беруге негіз болатын,міндетті бес пәндік форматта оқытудың жүзеге асырылуы, т.б.

ҰБТ-ның қазіргі 5 пәндік форматын сақтауымыз қажет. Оның тиімділігі әлемдік практикада дәлелденген, теориялық негізі бар тәжірибе. ҰБТ-ы форматына кіретін 5 пәннің жалпы білім беруде әрқайсысының өзіндік ерекше орны бар. Олар:

- мемлекеттік тіл мен математика пәндері;

- әлемдік жалпы білім беруде міндетті оқытылатын пәндер және де олардың бүгінгі өмірдегі  қажеттілігі мен маңыздылығы күмән туғызбайды;

- тарих пәні өтпелі кезеңде, біздің қоғамдық жағдайымызда міндетті оқытылатын пәндердің қатарында болуы тиіс. Ол арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, қай қоғамда да жеке тұлға қалыптастырудағы  ең басты адамгершілік сапа болса, біздің жағдайымызда   ол қазіргі тәрбиедегі ең көкейтесті мәселе;

- оқушылардың таңдау пәні біреу болуы дұрысқа келеді. Соңғы 10-даған жылғы практика көрсетіп отырғандай және  қазіргі бір ғылымның өзі  оған қатысты мамандықтар дүниесі әрі салаланың, әрі күрделеніп кетті. Сондықтан, бір пән бойынша бүгінгі талап деңгейі тұрғысынан, оқушыларды бір мамандыққа бағдарлай әзірлеу - кәсіби бейінді жалпы  білім беру міндетіне  сәйкес келеді деп айтуымызға толық негіз бар;

- бесінші пән -  орыс сыныптарындағы қазақ тілі, қазақ сыныптарындағы орыс тілі пәндері  оқытылуын  қазіргі бағытта  қалдыруымыз да бүгінгі уақыттың қажеттілігі.

Биылдан бастап енгізілген «жылдық орташа арифметикалық бағаны аттестатқа қою» дегенмен келісу қиын. Өйткені, ол өткен ғасырдың 70-жылдары практикаға ендіріліп, сынақтан өткізілген еді. Ол мұғалімдердің  білім сапасын жаппай  жасанды көтеріп бағалауына  негіз болып, бірден практикадан алынып тасталған болатын-ды. Бүгінгі таңда оны ҰБТ-мен қатар қолданып, оған ҰБТ-ның  білім сапасының көрсеткішін  тәуелді жасаудың ешқандай негізі жоқ.

Біздің пікірімізше -  біріншіден, ҰБТ-ны жетілдіруге  тікелей қатысты ең басты  мәселе - оқу жоспарымен  байланысты. Бүгінгі таңда мектептің жоғарғы сыныптарында  19-дан 23-ке дейін пән оқытылады. Демек, оқу жоспары оқушыларға бейінді  білім беру принципіне  емес, кеңес мектебінен бері өзгеріссіз келе жатқан  - жалпыға бірдей міндетті энциклопедиялық білім беру принципіне негізделіп құрылған. Ол, «Білім туралы заңның», ҰБТ-ның  талабы бағытында, оқушылардың өз қабілетіне, таңдаған болашақ мамандығына, өзіндік қызығушылығына қарай  тереңдетіп бейінді білім алуына, мүмкіндік жасай алмай отыр.

Бейінді 5 пәнге берілетін сағат көлемінің жай пәндерден, бейінді емес пәндерден  айырмашылығы жоқтың қасы. Оқушыға да, мұғалімге де өз күштерін, мүмкіндіктерін бір бағытта – 5 бейінді пәнді жан-жақты тереңдетіп оқып, бағдарламалық материалды – тесті талабына сай меңгерулеріне қолайлы емес. Оқу жоспарындағы бейінді пәндерге бөлінетін уақыт санын  әр оқушының мүмкіндігіне, ертеңгі өмір мақсатына қарай анықтамайынша, стандарт талабына сай, оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету, үлкен қиындық туғызып келеді.

Сондықтан қазір оқушылар ҰБТ-ға мемлекеттік емтиханға әзірлену үшін мектептен тыс репетиторлар жалдауына, шпаргалка әзірлеуге  және де тікелей тестінің әзір жауаптарын  сырттан көшіріп алу үшін, түрлі байланыс құралдарын жаппай қолдануға мәжбүр. Қазір ол жалпыға бірдей әдеттегі жағдайға айналды. Тіпті мұғалімдердің өзі, жалпы мектептер осы бағытта жұмыс істей бастады.

Екіншіден, барған сайын  ҰБТ өткізу пункттерінің  санын көбейту, ҰБТ-ның тәуелсіз, сырттай бақылау принципін, мемлекеттік емтиханның обьективтілігін қамтамасыз ететін  - бақылауды толық жүзеге асыруға кедергі ғана. Керісінше, ҰБТ-ның шынайылығын қамтамасыз етуде тесті орталықтарының облыс орталықтарында өткізілуі дұрыс болған болар еді.

Тағы бір көңіл аударатын жағдай, кейбір міндетті пәндерден  тапсырманы  екі деңгейде құрастыруға  эксперимент жасап көруге болмас па еді.

Мысалы: математика сияқты күрделі пәндердің мазмұнын  болашақ гуманитарлық мамандықтарды таңдағандарға бір деңгей, ал тікелей математика  пәніне  қатысты мамандықтарға  екінші деңгейде құрастырса, яғни – орта және  күрделі деңгейде. Ол оқушылардың өздері таңдаған мамандықтарға қатысты пәннен  түрлі арнаулы курстарға, ғылыми жобаларға қатынасуына, ал басқа міндетті пәндерге уақытты үнемдеп жұмсауға қолайлы болар еді. Біз күнделікті оқыту үдерісінде бұның өзі үлкен мән беретін жағдай екенін көріп отырмыз.

Толықтай алғанда, жалпы білімнің жоғарғы сатысында «Білім туралы» заңда көрсетілген - әр оқушының өз ерекшелігіне,  мүмкіндігіне   сәйкес бейінді білім беру талабына ҰБТ-ның  5  пәндік форматы сәйкес келеді деп қарауымызға толық негіз бар.

Елбасы қойып отырған реформаның 76-ы  тармағында «Әлемдік стандартқа сәйкес адам капиталының сапасын көтеру» бағында сапалы білім беруді қамтамасыз етуімізге Ұлттық Бірыңғай тестілеу моделінің білімді сырттай тәуелсіз бақылау және бағалау талабы тиімді қызмет ете беретін  болады.

 

Н.Даулетов, Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры, педагогика ғылымының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері

 

Пікірлер 

 
+1 #1 Елдос Сафуллин 2015-09-18 10:46 Облысымызда "педлицей" аталатын, республикаға үлгілі мектебіміз - біздің мақтанышымыз! Лицей директоры Даулетов Нәсіпқали ағай қазіргі күнде теңдесі жоқ, сабақ мазмұнын бірінші орынға қоя білген озат ұйымдастырушы. Жазған пікірлері аса құнды. Көп жағдайда бұл кісінің ойлары министрлік тарапынан да қолдау тауып, өздеріне тиімді бағыт таңдауда ескеретін жағдайларының да куәсі болып келеміз. Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту