Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


«Мен – қазақстандықпын» тақырыбындағы шығармалар байқауы

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің 2015 жылғы 6 қарашадағы №02-3/2617 хатына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың 2015 жылғы 30 қазандағы №10 өкімімен бекітілген «Болашағы Біртұтас Ел» жалпыұлттық ақпараттық науқанының іс-шаралар жоспарының 13-тармақшасын орындау мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты базасында Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану(гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Мен – қазақстандықпын» атты тақырыпта мектеп оқушылары арасында шығармалар байқауы  өткізілді.

Байқауға 12 аудан, қалалық, облыстық мектептер қатысты, барлығы 87 жұмыс ұйымдастыру комитетіне келіп түсті. Соның ішінде 8-11-сыныптар арасында 4 жүлделі орын алған (4 шығарма) республикалық ұйымдастыру комитетіне, байқаудың республикалық кезеңіне жіберілді.

Облыстық байқауға түскен шығармаларға шолу жасасақ, барлық қатысушы тараптар байқауға ұсынылған шығармаларды белгіленген мерзімнің өте аздығына қарамастан уақытылы жіберді.

Облыстық кезеңге түскен  87 шығарма, оның 63-і қазақ тілінде, 24-і орыс тілінде  жазылған. Шығармаларға жүлделі орындар, номинациялар тағайындау кезінде оқушының дүниетанымдық дайындығы, бейнелі әрі қисынды пайымдаулары, бағамдау мен қорыту дербестігі, негіздемелілігі және дәлелділігі, оқушының көп оқығандығы, жан-жақтылығы сынды бағалау өлшемдері ескерілді.

Қазылар алқасының құрамында институттың аға оқытушылары, бөлім мамандары, деңгейлік бағдарламалар орталығының тренерлері және облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің әдіскері жұмыстанды. Оқушының өзіндік көзқарасын танытатын шығармалар аз болған жоқ, соның ішінде қазылар алқасының шешіміне сай жоғары бағаланған шығармаларды атап өтуді жөн көріп отырмын.

Қаратөбе ауданы Соналы ЖОББМ 8-сынып оқушысы Құрманбаева Таңнұрдың (пән мұғалімі Н.С.Қуанаева) шығармасы 8-сыныптардың ішіндегі ең көлемді шығармалардың бірі,  яғни 8-сынып оқушыларының шығарма жазуға енді ден қойып, үйреніп келе жатқандығын ескерсек, оқушы тақырыптың мазмұнын жан-жақты аша білген, шығарма көркем суреттеуге бай, сөздік қоры жеткілікті, ойы анық. Оқушының ойын жеткізе білуі көңілге қонымды. Ойын жүйелей отырып, сөйлемдерді шебер байланыстыра білген. Шығарманы қорытындылауда өмірмен, Елбасы Жолдауларында айтылған атаулы оқиғалармен байланыстыруы – ұтымды, сәтті шыққан, бұл оқушының ізденімпаздық, зияткерлік қабілетінің басым екендігін аңғартады.

9-сынып оқушыларының арасынан жүлделі І орынды орыс тілінде жазылған шығармамен  Орал қаласы, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушысы Айшенова Томирис (пән мұғалімі Э.С.Бисенгалиева) иеленді.

Аталмыш мектептің 9-сынып оқушысы Зағыпар Оралханның (пән мұғалімі Г.У.Таскарина) жұмысын ерекше атап өтуге болады. Оралхан шығармасында өзі оқыған кітаптардан үзінділерді атап өтіп, өз ойын сол оқыған материалдармен астастыра байланыстырып, тарихи деректер келтіріп, көркем баяндаған. Оқушының өзіндік үні бар, шығарма аса зерделілікпен жазылған, бұл оқушының  көркем әдебиеттерді көп оқитындығын, жан-жақтылығын байқатты.

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 10-сынып оқушысы Сейтқалиева Назеркенің (пән мұғалімі Д.И.Имашева) шығарма жұмысы тақырыпқа сай өзіндік тұжырымдарымен дәлелденген, өзіндік ой қорытындысы жасалынған. Оқушы өз пайымын  Елбасымыздың айтқан қанатты сөздеріне сүйене қорытады. Қазақ хандығының құрылуына негіз болған тұлғаларды, қазақ әдебиетінің ойшыл ғұламаларын да шығарма негізіне арқау ете білген. Шығармашылық жұмыстың жазылу стилі өте жақсы, қосымша материалдарды, қанатты сөздерді,  өлең жолдарын тақырыпқа сай қолдана алған.

Жаңақала ауданы, Жаңақала мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Бақиев Азаматтың (пән мұғалімі Ж.А.Ергалиева) шығармасында оқушы шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысынан талдап, көркем тілмен жүйелі баяндаған. Сөз орамын, өлең жолдарын орынды қолданып, тақырыптың  мазмұнын аша білген. Оқушының сөз оралымдарын, сөйлемдердің байланысын келтіруі, ой ұшқырлылығы, білімпаздығы айқын көзге түседі. Сөз саптауы, ойын әдеби тілмен жеткізуі, оқушының дүниетанымдық дайындығы жоғары деңгейде. Бейнелі әрі қисынды пайымдаулары, бағамдау мен қорыту дербестігі, негіздемелілігі және өз ойын дәлелдеудегі ой ұшқырлығы байқалады.

Айта кететін аса қуантарлық жәйт, республикалық кезеңге жолданған шығармалардың ішінен Бақиев Азаматтың шығармасы ІІ орын иеленді, сондықтан өнерлі өренді шын жүректен құттықтаймыз! Балғын жастың келешегіне кемел жетістіктер тілейміз!

Қорыта айтқанда, оқушылар арасында өткізілген шығармалар байқауына барлық аудандар да белсенді қатысты, соның ішінде аудандардың арасынан шығармалары талапқа сай жазылып, қазылар алқасының көңілінен шыққан Қаратөбе ауданы, қатысқан оқушыларының бірде-біреуі марапаттан кенде қалған жоқ, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарға және номинацияға ие болды.

Орал қаласы мектептерінің ішінен оза шауып, байқау нәтижесінде жүлделі орындарды, номинацияларды иеленген №12 ЖОББМ, №43 ЖОББМ, №30 ЖОББМ, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушыларына, шәкірттерінің жеңіске деген сенімін нығайтқан ұстаздарына ыстық ықыласымыз шексіз!

Облыстық мектептер қатарынан байқауға қатысуға белсенді ықылас білдірген Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені, 7 қазақша, 2 орысша, барлығы 9 шығарма жолдады. Дарынды шәкірттерін шығармашылыққа шыңдаған мектеп ұжымындағы филолог әріптестерімізге мың алғыс!

Облыстық «Мен – қазақстандықпын» атты оқушылар арасында оздырылған байқауды ұйымдастыруға белсене атсалысқан аудандық, қалалық білім бөлімінің әдіскерлеріне, облыстық мектептердің мамандарына, ұйымдастыруға жауапты болған тұлғаларға ризашылығымызды білдіреміз!

Оқушылардың қаламдарына қарымды шығармашылық, ұстаздарға шалқар шабыт тілейміз!

Р.С.Қуанаева, «Өрлеу»БАҰО» АҚФ БҚОПҚБАИ,

ИТжҒЖ(Г)ПОӘ кафедрасының аға оқытушысы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту