Course events

Intercourse events

Архив 2020

Архив 2019

Архив 2018

Архив 2017

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Гостевая книга
E-LEARNING ЖҮЙЕСІНДЕ КОНТЕНТТІ ЖАСАҚТАУ

Н.К. Дускалиев

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»

Қоғамның дамуы бүгінгі таңдағы білім беру үдерісінде дамыған елдер стандартына деген ұмтылысты қажет етуде. Ал әлемдік білім кеңістігіне ену, әрине, бәсекеге қабілеттілік ұғымымен байланысты. Қажеттілік, қабілет, мүмкіндіктен туындайтын нәтиже даму мен ұмтылыс арқылы жүзеге асады. Осыған орай, жаңа қабылданған «Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» – Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі.

Қазіргі кезде оқу үрдісін  ақпараттық коммуникациялық құралдарсыз  көзге елестету қиын. Әсіресе соңғы кезде интернет технологиясы арқылы оқыту өте танымал болып келеді. Интернет арқылы оқыту технологиясы(e-learning) – бұл интернет желісі арқылы оқу үрдісіне қажетті ақпараттың үлкен көлемін трансляциялауды және оқытушы мен оқушы арасындағы интерактивтік арақатынасты жүзеге асырып осы процестерді компьютерлік бақылауға негізделген. Электрондық оқыту жүйесін білім саласына енгізудегі басты мақсат - білім беру үрдісінің барлық құрамдас бөліктерінің үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін оқу үрдісін автоматтандыруды енгізуге жағдай жасау қажет. Мақсатқа қол жеткізу оқу сапасын, білімді басқарудың тиімділігін, сыртқы ортамен ақпараттық кірігуін арттырады.

Электрондық оқыту жүйесі (e-learning) – бұл білімдік үдерісті технологияландыруды қамтамасыз ететін, жалпы орта білім беру жүйесін автоматтандыруға, мектеп оқушылары мен мұғалімдердің ақпарат қатынастық мәдениетін дамытуға бейімдейтін бағдарламалық-аппараттық кешен.
Электрондық оқыту дәстүрлі оқытуды толықтыра отырып, оқып үйренетін пән бойынша білімдер мен біліктіліктерді меңгеру үшін, тағы да ақпаратты іздестіру, сұрыптау, талдау сияқты әмбебап амалдарды, алынған ақпаратты пайдалану мен ұсынуды, сондай-ақ ақпараттық қоғамда тұлғаның  толық құнды өмірі мен іс-әрекетіне қажетті ақпараттық мәдениеттің бөлігі болып саналатын ақпарат қатынастық өзара әрекеттестіктің нақты тұрмыстық міндеттерін, тәсілдерін шешу үшін оқу үдерісін танымдық іс-әрекетке түрлендіруге мүмкіндік береді.

Білім беру жүйесін басқаруды қолдаудағы басты құрал болуы себепті электрондық оқыту жүйесі білім беру ортасы жайлы барлық қажетті мәліметтерді сақтауы тиіс. Сондай-ақ, ол біріншіден – білімді дамытудың ақпараттық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету құралы, екіншіден, электрондық оқыту жүйесінің кез келген түйінінен мәліметтерді орталықтандырып жинақтау арқылы білім беру жүйесінің мониторингін жасау құралы, үшіншіден, білім беру жүйесі туралы қажетті статистикалық мәліметтерді және түрлі аспектілер бойынша есеп беруді қалыптастыруды қамтамасыз ететін шешім қабылдау құралы ретінде әрекет етуі тиіс.

Электрондық оқыту жүйесі барлық білім беру мекемелері, мұғалім, оқушы және олардың білім беру ортасында ақпарат ауысып отыруын жүзеге асырады.
Электрондық оқыту жүйесі төмендегідей ішкі жүйелерден тұрады:
•    Ұлттық  білімдік мәліметтер қоры;
•    Мектептерді  басқарудың  ішкі  жүйесі (мектеп  іс-қағаздарын  жүргізу, т.с.с)
•    «Электрондық  оқулықтар»  ішкі  жүйесі - e-Book;
•    Оқыту  үрдісін  басқару  ішкі   жүйесі  -  LMS;
•    Оқу  мазмұнын  басқару  ішкі  жүйесі  -  LCMS;
•    Тестіні  басқарудың  ішкі  жүйесі  -  TMS;
•    Дамытуды  басқару  ішкі  жүйесі  -  DM;
•    Мониторинг  және  талдау  ішкі  жүйесі;
•    Сыртқы  ақпараттық  жүйелермен  біріктіру  модулі.

Жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – электрондық оқыту жүйесін іске асыру қандай мүмкіндіктер береді?
Атап айтсақ, электрондық оқыту жүйесінде әкімші, директордың орынбасары, мұғалім, оқушы, медициналық қызметкер, кітапханашы үшін функционалдар әзірленетін болады.
Электрондық оқыту жүйесінің ішкі жүйелері жұмысын үйлестіру білім беру ұйымдарының негізігі жұмысы болып табылады. Осы орайда мұғалімдер тарапынан талап етілетін нәрсе – педагогтардың  АКТ құзіреттілігін қалыптастыру және дамыту. Бұл бағытта осы уақытқа дейін үкіметіміздің тарапынан көптеген бағдарламалар іске асырылды. Дегенмен әлі де педагогтардың  АКТ құзіреттілігін қалыптастыруда біраз жұмыстар жасалуы тиіс.
Аталған жүйелердің бірі – оқытуды басқару жүйесі (Learning Management System, бұдан әрі – LMS) болып саналады, бұл – оқу контентін дайындауды автоматтандыруға және оқу үдерісінің барлық құрамдас бөліктеріне (мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар) on-line мен off-line режімдерінде оқыту мазмұнына (контентіне) қатынас құруға мүмкіндік беретін бағдарламалық жасақтама.

Ақпарат қатынастық білімдік орта – ақпарат қатынастық технологиялардың білімдік процеске кірігуін, сондай-ақ пәндік мультимедиалық мазмұнмен – электрондық контентпен ортаны толтыру жағдайы кезінде оқушының танымдық белсенділігін қалыптастыруды қамтамасыз ететін, мақсаттан нәтижеге дейін оқыту үдерісін бейнелейтін білімдік процестің субъектілері мен объектілерінің ақпарат қатынастық өзара әрекеттестігінің педагогикалық жүйесі.
Оқу контенті – оқыту мазмұнын қамтамасыз ететін ақпараттық толықтыру (қолданбалы бағдарламалық өнімдер және сандық білімдік ресурстар).  Оқу контенді жүйенің бір бөлігі және сабақтарды өткізу немесе оқушылардың өзіндік жұмысы үшін әлденеше рет пайдаланылатын бола алады. Ол үшін дайындалынатын немесе жүктелінетін файлға оқушыға түсінікті және оның мазмұны айқын бейнеленетін болуы тиіс. Оқу контентін тек мұғалім ғана дайындай алады, ал оқушылар мұғалім дайындаған ресурстармен тек қана жұмыс істей алады, тапсырмаларды орындай алады және мұғалімге жауаптарды жөнелте алады.

Сандық білімдік ресурстар  (бұдан әрі қарай СБР)  – білімдік үдеріс қатысушыларының интерактивтік қашықтықтық өзара әрекеттестігі сияқты жиынтығында электрондық оқытудың ақпарат қатынастық білімдік ортасын құруды қамтамасыз ететін электрондық тасуыштардағы сандық форматтағы дидактикалық материалдар.
Электрондық оқытудың құрамдас бөлігін қамтамасыз ететін СБР олар: мультимедиалық дыбысталған таныстырылым, ойындық дыбысталған таныстырылым, анимацияланған дыбысталған логикалық құрылымдық схема, интерактивтік тапсырмалар, автоматтандырылған сауалнамалар, ойын тестілері, мұрағаттық құжаттар, фотожинақтар, анимацияланған карталар, статикалық карталар, дыбыс жазбалары, дыбысталған мәтіндер, оқулық бейнефильм.  

Жалпы контенттерді құрамына кіретін сандық білімдік ресурстарына байланысты 3 топқа бөлуге болады.
•    Қарапайым мазмұнды контенттер(фотожинақтар,дыбыс жазбалары және т.б)
•    Орташа мазмұнды контенттер(мультимедиалық дыбысталған таныстырылымдар, видеолекциялар және т.б)
•    Күрделі мазмұнды контенттер(видео ойындар)
Біздің  жағдайда ең тиімдісі видеолекциялар болып табылады.  Жалпы видеолекцияларды екі негізгі категорияға бөлуге болады:
1.    On-line  видеолекциялар    
2.    Off-line видеолекциялар
On-line  видеолекциялар – нақты уақыт мерзіміндегі видеолекция. Бұл дәл осы уақытта жүріп жатырған лекцияны on-line трансляциялау. Сабақты  on-line   режимде өткізуді көптеген бағдарламалар мен құрылғылар көмегімен  жүзеге асыруға болады (Polycom арнайы құрылғысы және Skype бағдарламасы). Бұл бағдарламалар мен  құрылғылардың барлығы аудио мен видеоны нақты уақыт мерзімінде трансляциялауға негізделген. Бұл жағдайда сапалы видеоконференция өткізуге Polycom құрылғысын пайдаланған жөн. On-line  видеолекциялардың кемшіліктерінің бастысы – оны кез-келген уакқытта және бірнеше рет қайталап қарау мүмкіндігі бола бермейді.

E-learning жүйесінде сабақты тек on-line режимде ғана емес сонымен қатар оff-line режимде де өткізуге болады.  Off-line видеолекциялар – оқытушының арнайы видеотаспаға немесе электрондық  тасымалдауышқа алдын ала дайындалып жазылған лекциясы. Мұндай видеолекциялардың ең басты артықшылығы – ол материалдарды кез-келген ыңғайлы уақытта қарай отырып, түсінбей қалған тұстары болса қайталап карау мүмкіндігінің болуында. Сондықтан да біз үшін контент жасақтауда оff-line видеолекциялардың тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес.

Әдебиеттер
1.    2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы
2.    Ахметова Г.К., Қараев Ж.А., Мұхамбетжанова С.Т. Білім беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгізу жағдайында педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі // Алматы, 2013.
3.    Полат Е.С. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования // М.:Academia, 2000.
4.    http://moodle.nci.kz

 

Comments 

 
0 #2 Нурбол 2014-03-08 20:44 Quoting Нурганым Куанаева:
Мақалаңыз АКТ-ға негізделген терминдерге бай. Электрондық оқыту жүйесін іске асырудың мүмкіндіктеріне толық тоқталғансыз және сол мүмкіндіктерді мектеп өміріне, оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің жолдарын атап көрсеткенсіз.Сондықтан бұл мақаланы оқыған әрбір адам жаңа терминдерді түсініп, оның атқаратын функциясына мән беруі қажет деп есептеймін.

Сұрақolycom құрылғысын пайдаланудың тағы қандай мүмкіндіктері бар?

Пікіріңізге рахмет!!! Polycom құрылғысы негізінен жоғары сапалы видеоконференци я ұйымдастыруға арналған.
Quote
 
 
0 #1 Нурганым Куанаева 2014-02-26 19:34 Мақалаңыз АКТ-ға негізделген терминдерге бай. Электрондық оқыту жүйесін іске асырудың мүмкіндіктеріне толық тоқталғансыз және сол мүмкіндіктерді мектеп өміріне, оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің жолдарын атап көрсеткенсіз.Сондықтан бұл мақаланы оқыған әрбір адам жаңа терминдерді түсініп, оның атқаратын функциясына мән беруі қажет деп есептеймін.

Сұрақolycom құрылғысын пайдаланудың тағы қандай мүмкіндіктері бар?
Quote
 

Add comment

Комментарий публикуется через пару секунд. После отправки, можете смотреть выше.
Пікір сайтқа сәлден кейін шығады. Жібергеннен кейін жоғарыдан қарауыңызға болады.