Course events

Intercourse events

Архив 2020

Архив 2019

Архив 2018

Архив 2017

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Гостевая книга
«E-LEARNING» - БОЛАШАҚТЫ ОҚЫТУ

О.Ж. Мұхамбетқалиев
информатика пәні мұғалімі, №42 «Ақ ниет» гимназиясы, Орал қаласы

XXI ғасырды «ақпараттандыру ғасыры» деп атайды, яғни біз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі таңда күннен күнге ақпарат ауқымының ұлғаюы, оның тез таралуы, жаңартылуы адамдардың ақпараттарды қабылдап, оны игеруі үшін жаңа техника құралдарын шығарып және оларды пайдалану білу қажеттілігін талап етіп отыр. Қазір әлем жаһандану үрдісін бастан кешіріп жатыр. Бұл ғылымның жаңа жетістіктерін, техниканың озық үлгілерін қоғамның басты маңызды салаларында пайдалануды және автоматтандыруды т.с.с. қажет етеді. Осындай үрдістен қалыс қалмау үшін әр мемлекет өзінің даму бағдарламаларын жасап, сол бағытта жұмыстанып жатыр.
Қазақстан Республикасы басқа дамыған елдердегі сияқты өркениетті дамытудың бірден-бір маңызды стратегиялық мәселесі ретінде білім беруді ақпараттандыруға ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарың бірі ретінде – білім беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгізу болып табылады. Бағдарламада электрондық оқытудың «e-learning» мақсаты: «білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының үздіксіз білім беру ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету» деп атап көрсеткен.
Е-learning (ағылшын тілінен Electronic Learning) –электрондық оқыту жүйесі, электрондық оқыту, қашықтықтан оқыту, компьютер көмегімен оқыту, желілік оқыту, виртуалды оқыту, ақпараттық, электрондық технологиялардың көмегімен оқыту дегенді білдіреді.
ЮНЕСКО мамандары:«e-learning – интернет және мультимедиа көмегімен оқыту» деп анықтама берді.
Е-learning – бұл оқу және оқыту форматы, білім беру контенттерінің электрондық формасына электрондық құралдарды, компьютерді, ұялы телефонды, коммуникаторларды қолданып, білімді басқару жүйесі (LMS Learning Management System) және интерактивтік оқыту платформасына негізделген сабақ беру формаларының бірі болып табылады.
Электрондық оқытудың құралдары болып кейстік технология, TV-технология, желілік технологиялар саналады.

  • Кейс технологиясы – қағазды, электронды, өзге де жеткізу түрінде және оларды өздік оқитын білім алушылар үшін жіберілетін мультимедиалық оқу-әдістемелік материалдар жиынтығы негізінде жинақталған технология.
  • TV-технологиясы – мұражайларға, кітапханаларға және басқа да ақпараттық ресурстарға қатынас құра алмайтын ауыл балалары үшін оқу-танымдық фильмдер; эксперименттер көрсетілімі, физика, химия және биология пәндері бойынша зертханалық жұмыстар және озық тәжірибе сабақтарын көруге мүмкіндік береді.
  • Желілік технология – білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивті қарым-қатынас түрінде, сондай-ақ интернет жүйесін қолдану негізінде оқу үрдісін басқаруда оқу-әдістемелік материалдарымен қамтамасыз ету технологиясы.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында «...Біз бүкіл елімізде стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз»-атап көрсетілді. Мұндағы басты мақсат – білім берудің сапасын жоғары деңгейге жеткізу, IT-саласын дамыту, әлемдік ақпараттандыру кеңістігіне ену және білім беру мазмұны мен құрылымын жаңарту болып табылады. «Интеллектуалды ұлт - 2020» ұлттық жобасында көрсетілгендей білім беру жүйесін инновациялық даму жолына түсуді қарастырған. Осыған орай шетелдік тәжірибеге сүйене отырып электрондық оқытуды білім беру ұйымдарына енгізу бүгінгі заман талабы және оқыту сапасын арттырудың бір түріне жатады. Бұл жүйе еліміздің білім беру саласына 2011-2012 оқу жылынан бастап енгізіліп, осы бағытта әрі қарай жұмыстар жүргізілуде. «Е-learning» жүйесінің негізі – қашықтықтан оқыту жүйесі болып табылады.
Қашықтықтан оқыту Батыс Еуропа және АҚШ мемлекеттерінде XX ғ. 60 жылдарынан бастау алып пайдаланылып келеді. Қазіргі таңда электрондық оқыту «e-learning» жүйесі әлем мемлекеттерінде қалыпты даму үстінде. Алғашқы болып әлемде 1969 жылы Ұлыбританияда патшайымның бұйрығы бойынша қашықтықтан оқытатын ашық университеті ашылды. Бұл студенттерге кез келген уақытта және кез келген қолайлы жерде білім алуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда электрондық оқыту жүйесі енгізілген елдердің қатарына келесі мемлекеттер енеді:

  • Ұлыбритания
  • Оңтүстік Корея Республикасы
  • Финляндия
  • АҚШ
  • Канада
  • Германия
  • Италия
  • Франция

Электрондық оқыту жүйесі аталған мемлекеттердің экономикасына пайда келтіруде. Мысалы, 2009 жылдың тамызынан бастап, АҚШ-тың Калифорнияда штатында қағаз оқулықтарынан бас тартуға дейін әрекеттер жүргізілген. Он-лайн оқулықтары тексеруден өткізіліп, стандарттарға сәйкес келген. Сондықтан бұл мемлекетте баспа түріндегі оқулықтар шығарылмайтын болған. Осының арқасында мемлекет бюджетті 350 миллион долларға дейін үнемдеген. Оңтүстік Корея мемлекетінде электрондық оқыту жүйесі экономиканың бір бөлігі болып және толыққанды бизнес түріне айналған. 2009 жылы осы елдің экономикасына 2 миллиард доллар жуық пайда әкелген. ЮНЕСКО қолдауымен Cyber Home Learning System оқытудың жалпыұлттық жүйесі енгізілген. Осы жүйе арқылы орта және арнаулы білімді үй жағдайында алуға мүмкіндік береді және осы жүйе заңды түрде шешімін тапқан. Бұл елдің дәстүрлі мектептерінде «e-learning» жүйесі 76,8 пайыз қамтылған. Басқа мемлекеттер де біртіндеп қағаз түрінен электрондық оқыту түріне көшуде. Осындай жүйеге біртіндеп көшу еліміздің білім беру сапасының артуына және экономикасына да пайда әкелері сөзсіз. Электрондық оқытудың тиімді жақтарына тоқталатын болсақ. Олар:

  • Білім алушылардың жасына қарамастан интернет желісі арқылы білім қорларына еркін ену, пайдалану;
  • Оқудың арзандығы – кез келген ақпарат интернет желісінен алынып, оларды бір-біріне тарату мүмкіндігі, кітап және басқа да оқу-әдістемелік әдебиеттерді сатып алуға қаражаттың аз жұмсалуы немесе жұмсалмауы.
  • Сапалы білім – курстар белгілі бір маман иелерінің толыққанды бірігіп жұмыстануынан жасалады, бұл электрондық оқытудың сапасын арттырады.
  • Электрондық курстың мазмұнын модульдерге бөліп оқу- бұл белгілі пәнді ақпараттың азғана бөліктері арқылы игерудің тиімділігі және қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдетеді;
  • Білім алушының өзінің мүмкіндіктері мен қалауы бойынша оқудың ұзақтығын таңдау мүмкіндігі;
  • Жұмыс орнында немесе үйде интернет желісін пайдаланып оқу мүмкіндігі;
  • Жаңа технологияларды пайдалана отырып, білім алушылар өздерінің білімін жетілдіреді. Электрондық курстардағы мәліметтер өзінің уақытында жаңартылып отырады.

Сонымен бірге электрондық оқытуды білім беру ұйымдарына енгізуде кездесетін мынадай проблемалар кездеседі:

  • Электрондық оқыту ортасында жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана алатын білікті мамандардың жетіспеуі;
  • Сапалы білім өнімдерінің жетіспеуі;
  • Мұғалім мен оқушының арасындағы тікелей байланыстың болмауы.

Электрондық оқыту жүйесі білім беруді ақпараттандырудың 4-ш кезеңі болып табылады. Бұл жүйені енгізбес бұрын мемлекет 2006-2008 жылдарға сәйкес ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде халықтың 20 пайызы компьютерлік сауаттылық деңгейін және 20 пайыз интернет қызметін қолдана алуға қол жеткізу мен халықтың күнделікті өмірде ақпараттық ресурстардың мәнін арттыру көзделген болатын.  Педагог мамандардың бүгінгі заман талабына сай АКТ құралдарын меңгеруін және оларды оқу үрдісінде пайдалануды міндеттейді. Мектеп мұғалімдерінің  құзыреттілігін арттыруда үш деңгейлік оқыту ұстаздарға ноутбуктерде жұмыс істей білуді және интернет желісін пайдалана білуді талап етіп отыр. Бұл да электрондық оқыту жүйесін оңай игеруге септігін тигізеді деп ойлаймын.
«Е-learning» электрондық оқытудың болашағын мынадай бағыттар арқылы көруге болады:

  • Электрондық оқытудың болашағы зор. Себебі, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың әлем бойынша тез қарқынмен дамуы қашықтықтан оқыту жүйесінің болашағының жарқын екенін көрсетеді. Сонымен бірге «е-learning» жүйесі АҚШ және Еуропа елдерінде өте жақсы қарқынмен даму үстінде. Бұл әлемде жүйенің таралуына кеңінен жол ашады.
  • Біріккен ауқымды халықаралық жобалар. Қазір әлемдік деңгейде «е-learning» жүйесі талқылануда. Конференциялар, саммиттер, келіссөздер ұйымдастырылып өткізілуде. Бұл болашақта мемлекеттердің географиялық орналасуына қарамастан он-лайн конференцияларға қатысып, талдауына мүмкіндік береді және осының арқасында  халықаралық жобалардың өмірге келуіне жағдай жасайды.
  • «Е-learning» жүйесінің дамуының маңызды бөлімінің бірі болып құралдардың жетілдіріліп жаңартылып отыруында. Бұл жүйеде қойылған білім талаптарының сапасы жоғары болған сайын жүйеде жұмыс істейтін қолданушылардың да біліктілігі де жоғары болады.

Компьютерлік-коммуникативтік технологияның дамуы адамзаттың болашағына өз әсерін тигізуде. Жұмыс берушілердің өз кеңселерін соңғы техникамен жабдықтап, жұмысқа техниканы меңгерген кадрларды қабылдауды қолға алып жатыр. Ұйым, фирма  басшылары өз кадрларының біліктілігін үнемі жетілдіріліп отыруына, әр түрлі он-лайн курстарынан өтуіне мән беруде. Бұл адамдарға қоғамдағы жаңа техникалық үрдістерге, әлемде болып жатқан өзгерістерге жаңаша қазіргі заман көзқарасымен қараудың маңызын білдіреді. Қоғамда «е-learning – болашақты оқыту» сөз тіркесі тегіннен тегін айтылмаса керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Білім беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгізу жағдайында педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі. Ахметова Г.К., Қараев Ж.А., Мұхамбетжанова С.Т. Алматы, 2013
  • Электрондық оқыту ортасында педагогтардың құзырлығын қалыптастыру. Әдістемелік құрал. Ахметова Г.К., Мұхамбетжанова С.Т.  Алматы, 2012
  • Электрондық оқыту бойынша мониторинг жүргізу әдістемелік құралы. Ахметова Г.К., Мұхамбетжанова С.Т., Толықбаева Ғ.Н., Белденбаева М.Т. Алматы, 2012
  • Информатика негіздері ғылыми-әдістемелік журнал. №2, Алматы, 2013
 

Add comment

Комментарий публикуется через пару секунд. После отправки, можете смотреть выше.
Пікір сайтқа сәлден кейін шығады. Жібергеннен кейін жоғарыдан қарауыңызға болады.