«Е-learning және Smart-learning үдерістерін енгізу жағдайларында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру» атты Оn-lіnе режиміндегі өткізілген халықаралық семинар |
2013 жылдың 24 сәуірде сағат 10:00 (Астана уақытымен) sabak.kz сайты zko ipk бөлмесінде «Е-learning және Smart-learning үдерістерін енгізу жағдайларында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру» атты Оn-lіnе режиміндегі халықаралық семинар өткізілді. Аталмыш семинардың модераторы С.С.Измуханбетова - п.ғ.к., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша біліктілікті арттыру институты директоры. Семинар барысында ең алдымен п.ғ.д., доцент,Өрлеу» БАҰО» АҚ ақпараттық технологиялар және менеджмент кафедрасының меңгерушісі С.Т.Мұхамбетжанова «Электрондық оқытуды енгізу жағдайында педагогтердің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі» атты әдістемелік нұсқаулықтың презентациямен безендірілген негізгі бөлімдеріне тоқталып, электрондық оқытуды білім беру ұйымдарына енгізудің маңыздылығын ашып көрсетті. Онлайн семинардың келесі қатысушысы Сеул Кибер Университеті, Корея республикасының білім министрлігінің тәуелсіз эксперті, профессор Хан Тае Ин «E-Learning in Korea» е-learning жүйесін енгізу мәселесіне байланысты, өңіріміздегі осы салада жұмыс жасайтын мамандардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Ол сауалдардың жауабын корей тілінен аудару үшін, Пак Ин Гон мырза аудармашы ретінде шақырылды. Семинардың келесі қонағы Кембридж университеті, білім беру факультетінің тренер-кеңесшісі Джозеф Mайкл Дженго мырза «New Trends In World Education – E-learning and SMART learning» атты баяндамасын оқып, өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің шетел тілін және аударма ісін оқытудың теориясы мен практикасы кафедрасының аға оқытушысы, магистр И.Н.Касимова «Teacher training courses based on E-learning» тақырыбында баяндама жасады. Келесі кезекте «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша біліктілікті арттыру институты директорының орынбасары Е.Н.Сафуллин «E-Learning және SMART- learning үдерістерін оқытуға енгізу» тақырыбындағы баяндамасын оқып, өз ойын ортаға салды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша біліктілікті арттыру институты, ақпараттық технологиялар және жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Г.Ш.Бектыбаева «Формирование ИКТ-компетентности педагогов в условиях внедрения электронного обучения» атты баяндамасын оқып, өз пікірімен бөлісті.
Аталмыш семинар жергілікті жалпы орта білім беретін мектептердің информатика пәнінің мұғалімдеріне арналған курс түрінде жалғасын табатын болады. Мамыр айының 13 және 20 күндерге семинар жоспарланды, соңында барлық мұғалімдерге сертификаттар табысталатын болады. Сондай-ақ Оn-lіnе семинардың нәтижесі филиалда жоспарланған басқа да шараларға оң ықпалын тигізді. Атап айтсақ, 26 сәуір күні ұйымдастырылған «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі - білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етудің шарты» атты білім беру қызметкерлерінің Бірінші Республикалық Педагогикалық оқулардың облыстық кезеңі де Оn-lіnе режимінде zkoipk комнатасынан көрсетілді. Облыс бойынша білім беру мекемелерінен 25 On-line аудитория секциялық жұмыстарды көруге қосылды. |