Курстық шаралар

Курсаралық шаралар

Архив 2021

Архив 2020

Архив 2019

Архив 2018

Архив 2017

Архив 2016

Архив 2015

Яндекс.Метрика


Гостевая книга
ЖАС ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ ӨСУІНЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАМУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАУДЫ ЖЕТІЛДІРУ

Дуйсенгалиева Сагадат Натоловна
Қ. Сағырбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп- балабақшасының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Сыдихова Аяжан Жаксыгалиевна
Қ. Сағырбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп- балабақшасының қосымша білім беру педагогі

Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын ұсынған биылғы Жолдауы мемлекетіміздің барлық сала бойынша тұрақты дамуын қамтитын, еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Елбасы Жолдауында білім саласының барлық деңгейлеріндегі қызметкерлерінің алдына да үлкен міндеттер қойылды.

Қазіргі кезде мемлекетіміз үшін кәсібилік деңгейі жоғары мамандар дайындап шығару қандай өзекті мәселе болса, жас мамандарға қолдау көрсету дәл сондай көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл мақсатқа жетудің тиімді тетіктерінің бірі алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқынды тәрбиелеу ісі екендігінде дау жоқ.

Жоғары мектеп оқытушысы өз саласының маманы болумен қатар білім стандарттарында айқындалған психологиялық, педагогикалық, ғылыми бағыттардан да жеткілікті деңгейде құзыреттіліктері қалыптасқандығын көрсете алулары тиіс. Өкінішке орай жоғары оқу орындары білім беру жүйесі қызметіне бірден араласып кететіндей мамандар дайындап отыр деп айта алмаймыз. Мысалы атап айтсақ жоғары мектептердің жас мамандары кәсіби әрекетте туындайтын мәселелерді шешуде педагогика мен психологияның жетістіктерін пайдалануға, оқыту үрдісінде жаңашылдық технологияларды қолдануға, студенттермен тәрбиелік мақсаттағы жұмыстарды, зерттеушілік жұмыстарды жүргізуге, өз бетінше білім жинақтауға қиналатындықтарын көріп жүрміз. Тіпті өзі оқыған ғылым саласында да терең білімдері болмайтындары кездеседі.

Ал білім мекемелері мен өндірістерде жас маманды жұмысқа бейімдеу, оның ұжыммен етене болып кетуіне жағдай жасау, мамандығына көңілі толмау сезімдерінің болмауына ықпал ету ісі бүгінде өз дәрежесінде жүргізіліп отырмағаны белгілі. Оның себептері: оқу орындарында жаңашылдық үрдістердің кенжелеуі, оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруда формальділіктің орын алуы мен олардың өз дәрежесінде жүргізілмеуі; тәлімгерлік институттарының болмауы, оқу орындарындағы шамадан тыс қағазбастылық, профессорлық – оқытушылар құрамының жүктемелерінің көп болып, керісінше міндеттер ауқымының молдығы, жастардың педагогикалық қызметке деген қырсыздығы, онымен айналысуды мансұқұ етпеуі т.б.с.с. Алайда болашақты ойлаған әр басшының, аға буын өкілінің, мамандығын сүйетін майталман ұстаздың жастарды тәрбиелеуге бей-жай қарамайтындығына сенім жоқ емес.

Заманауи оқытушы – әрқашан да кәсіби деңгейі жоғары, педагогикалық дәстүрлі әдістер мен жаңа технологияларды жақсы білетін әрі оларды өз сабақтарында тиімді пайдалана алатын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімін үздіксіз толықтырып, шыңдап, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, білім алушылардың бәсекеге қабілетті маман болып шығуына қолайлы жағдай жасап, жан-жақты білім беретін, оқу-тәрбие ісін меңгерген тұлға. Арнайы педагогикалық білімі мен жұмыс өтілі жоқ, оқу орнын енді ғана тәмәмдаған жас мамандардың ұлағатты ұстаз атанып, оқушылардың сүйікті оқытушысына  айналуы үшін біраз нәрсені үйренуі қажет. Осы орайда жас маманға әдістемелік, педагогикалық-психологиялық көмек қажет.

Жас оқытушылар мектебі – арнайы педагогикалық білімі жоқ жас мамандардың кәсіби деңгейін жетілдіру, педагогикалық шеберлігін шыңдау, психологиялық қолдау, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде атқаратын бірлестік.

Жас оқытушылар мектебінің жұмысын ұйымдастыру үшін педагогикалық жұмыс өтілі 20 жылдан кем емес, іс-тәжірибесі мол, озат педагог оқытушы жетекші болып тағайындалады. Оқу жылы басында мектептің жоспары құрылады. Оқу жылы барысында мектеп тарапынан жас мамандарға арналған семинар сабақтар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, конференциялар,озат оқытушылардың іс-тәжірибесімен танысу мастер-класстары, кездесулер, дискуссиялар өткізіледі, өзара сабаққа, ашық сабақтарға қатысу, қатысқан сабаққа әдістемелік талдау жасауды үйрету, педагогикалық этиканы, сөйлеу мәдениетін ұстану жайлы мол мағлұмат беру жұмыстары жүргізіледі.

Жаңа жұмысқа кіріскен жас маман өнегелі ұстаз болуы үшін жас оқытушылар мектебінің жұмысы үш бағытта жүргізіледі:

Бейімделу жұмысы.

Кәсіби жеке стилін қалыптастыру:

жас маманды ұжыммен таныстыру, оқу орнымен танысу;

жас мамандарға тәлімгенрлер тағайындау;

қиындықтарын анықтауға сауалнама жүргізу;

құжаттармен танысу;

әдістемелік нұсқау беру;

күнтізбелік, сабақ жоспарларын құруға, өзара сабаққа қатысу,талдау жасау, бақылау жұмыстарын ұйымдастыруға көмек көрсету.

Өзін–өзі дамыту.

Педагогикалық шығармашылықты дамыту:

ізденетін әдістемелік тақырыбын анықтау;

педагогикалық жаңалықтармен танысу;

білімін жетілдіру курстарына қатысу;

семинар, дөңгелек үстел, пікіралмасуларға үнемі қатысу;

өзара сабаққа қатысу;

жас оқытушыларға арналған сайыстарға қатысу.

Психологиялық көмек.

Жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту:

психологиялық кеңестер алу;

қиын сұрақтарды ортаға салу, бірлесіп шешім қабылдау.

Бүгінгі жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті жас мамандар – ертеңгі ел басқарар азаматтар.

Еліміздің ертеңі жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында. ХХІ ғасыр – жаңалықтар ғасыры. Еліміздегі ірі өзгерістер, қоғамдағы жаңалықтар – білім ордаларында, мектептерде де өз көрінісін тауып келеді.

Мектептегі топтасқан жас ұстаздармен кәсіптік деңгейлерін қалыптастыру, әдістемелік көмек беру мақсатында жыл бойы жұмыстар жүрді. Биылғы оқу жылында еңбек өтілі 3-жылдан аспайтын 10 мұғалім тіркеуде тұрса, оның 2-еуі биыл келген жас мамандар. Оның 7-еуі жоғары білімді, 3-еуі арнаулы орта білімді. Келген жас мамандарға тәлімгерлер бекітіліп, түрлі бір-бірімен байланыс жасайтындай шаралар оздырылды. Жас мамандардың біреуі өз арызы бойынша ІІ жартыжылдықта жұмыс ауыстырды.

  1. Тлепкалиев Нұрсұлтан – Кабибуллина Альфинур
  2. Наурзакова Улданой – Сметов Тулеген
  3. Ергалиева Айнур – Сметов Тулеген
  4. Каракулова Айжан – Қуанышқалиева Назым
  5. Неткалиева Назерке – Джамангарина Гүлшат
  6. Сафиева Жанаргүл – Хайрушева Мақпал
  7. Баймуратова Ақмарал – Хайрушева Мақпал

Осы бекітілген тәлімгерлерінен кеңес ала отырып, жас мамандар пәндері бойынша оқу жоспарын саралап, бағдарламаларымен танысып, тақырыптық-күнтізбелік жоспарларын құрып жыл бойы жұмыстанды. Әдістемелік көмек көрсету мақсатында жас мамандармен түрлі шаралар оздырылды.Атап айтсақ, жас мамандардың өз мақсаттарына қол жеткізу және өз тәжірибесін дамыту үшін іс-әрекетті қалай ұйымдастыру керектігіне бағыт алу, мұғалімнің құндылықтары мен міндеттерін анықтау мақсатында «Қалың қалай, жас маман?» тақырыбында семинар-практикум оздырылды.  Семинар –практикумды  талдау барысында мыналар анықталды: Жас мамандарымыздың мақсатын, қадамын анықтап алу үшін «Есіміңе сай іс-қимыл» тренингін жүргіздік. Жас мамандар өз іс-әрекеттеріне сай іс –қимылмен есімдерін атап, алғашқы қадамдарының қаншалықты деңгейде екендігін көрсетті. Жас мамандар бір-біріне жағымды сөздер айтып, бой сергітіп билеп, музыкалық аспаптардың қолданылуына қарай топқа бөлінді. Келесі тапсырмада «Брейн -райтинг» әдісімен «Жас маман кім?» деген тақырыпта ой өрбіттік. Соңғы ойды түйіндеу барысында жастардың бір-бірінің ойларын толықтыруда, ой өрбітуде тілдерінің жұтаңдығы байқалды. «Қар ұшқыны» әдісімен жас мамандарымызда қандай проблема бар екендігін анықтадық. Бірақ айтқан проблемалары нақты емес, шешу жолдары да жетім көрінді. Барлығында бірдей кемшілік жауапты талдау, сараптау, шешім шығару, ұсыныс айтулары төмен деңгейде болды. Мұғалімдеріміздің құндылықтарын, міндеттерін айқындау үшін «Интервью» әдісі қолданылды. Жас мамандарымыз міндеттерін білгенімен, өзіндік сабақ беру стильдерінің қалыптаспағаны, өзіндік оқыту тәсілдерінің болмауы қынжылтты. Тақтаға «Болжау ағашы» ілініп, жас мамандарымыздың бүгінге дейін жеткен жетістіктерін саралай отырып, болашақтан не күтетіндігін жазып тапсыру сұралды. Жазылған парақшадағы жұмыстардың орындалуын іс-әрекеттерімен дәлелдейді деп күтеміз. Жалпы семинар-практикум барысында кейбір жаттығулар орындалмай қалды. Оған бірнеше себепті атауға болады. Біріншіден жас мамандардың аталған уақытта жиналмауы, екіншіден, селқос қатысуы, белсенділік танытпауы, үшіншіден ойланбай әрекет етулері, әрбір жаттығудан үйрену керек нәрсенің қажеттілігі туралы түйсінбеулері кедергі келтірді. Жас мамандардың барлығына қатысты көп іздену, тәжірибелі ұстаздардан тәлім алу. Сабақтарға қатысып, тәжірибе жинақтау. Іс-шараларда белсенділік таныту, көшбасшы болуға ұмтылу деген сияқты міндеттер ұсыныс етілді. Сонымен қатар, жас мамандарға жаңа инновациялық технологияларды сабақ үрдісінде қалай пайдалану жөнінде мағлұмат бере отырып, тәлімгер мен жас маман арасындағы жылы қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Жас маман мен тәлімгер үндестігі» тақырыбындағы семинар-практикум өтті. Жоғары деңгейде өткен практикумның жастар үшін берері мол болды.   Бұл семинар-практикумды өткізудегі басты қажеттілік ол тәлімгерлердің жұмысына қозғау салу, жас мамандарға әдістемелік тұрғыда көмекке келетін бірінші адам екендігін ұқтыру болатын. Семинар қойған мақсатына толықтай жетті. Барлық қатысушыға үлкен ой салды. Жас маман мен тәлімгер арасына жылылық сыйлап, бір-бірімен барынша жақындастыруға көмектесті. Жас мамандар өздерінің неден қиналатынын күнделікке, хат түрінде жазып беріп тәлімгер жұмысының күні бүгінге дейін орын алмағандығын аңғартты. Тәлімгер мұғалім жас маманға қалай көмектеседі?- деген сұраққа тек ауызша жауап бергендігі қынжылтты. Әрбір істің нәтижесі тәжірибе жүзінде көрінетіні мәлім. Біздің бекітілген тәлімгерлеріміздің нәтижесі көңіл қуантарлықтай еместігі тәжірибеден анық көрінді. Бірақ, тәжірибелі ұстаздар да өз іс-тәжірибелерінен тиімді деп тапқан әдіс-тәсілдерін ортаға салып, жас мамандарға дұрыс маман болып қалыптасу үшін көп іздену, көп сұрау керектігін баса айтты. Семинар – практикум «Керемет бақ» деп аталатын жаттығумен қорытындыланды. Бұл жаттығудың мақсаты жас мамандар өздерін гүлге теңей отырып, өзінің болашақта қандай білікті маман болғысы келетіндігін зерделеу. Әр тұлғаның өзіндік ізін қалыптастыру үшін біреудің жетектеуін күтіп отырмай, өз тарапынан қызығушылықпен талпыныс жасап, кәсіби білімін жетілдіру қажет болатындығын ұқты. Әр тренинге қатысушы өз гүлдерінің суреттерін әдемілеп, бір-біріне ұқсамайтын қылып салып, ақ қағазды баққа орналастырды. Бұл баққа орналастыру ретін көре отырып, кімнің қаншалықты өзін көрсете алатынын, өмірлік позицияларының қалыптасқандығын білуге мүмкіндік алып, іштей сараладық деп толық айта аламын. Жас мамандарға тағы да қай кезде де ізденіп, қажетті білімді сұрап үйрену. Жас мамандар тарапынан білуге ұмтылу. Тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына, білікті мұғалімдердің іс-шараларына қатысу ұсыныс етілді.

Осы жұмыстың жалғасы ретінде мектеп әкімшілігінің ұйғарымымен мектеп жас мұғалімдерінің оқу үдерісіндегі қиындықтары мен тың идеяларын еңгізудегі іс-тәжірибелерімен бөлісу, педагогикалық іс-әрекетте кездескен қиындықтар мен проблемаларды зерделеу және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру мақсатында аудан деңгейінде үлкен жауапкершілікті көрсететіндей «Пәнді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өтті. Семинар барысындағы ашық сабақтар марафонында мектебімізден екі жас маман Б.Құбаева мен Н.Неткалиева үздік сабақтарын көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісіп, семинар қатысушыларының жоғары бағасын алды. Соныңішінде Б.Құбаеваның «Ұяң дауыссыздар» деген тақырыптағы 5-сыныппен өткізген сабағында мынадай ұтымды тұстары көңіл қуантты: «Оқушылардың жауаптары нақты, толық, өз пікірлерін дәлелдеп айтуға үйренген. «Ыстық орындық» әдісі мен сол бойынша қолданылып жүрген кесте, жүгірмелі диктант секілді тиімді әдіс-тәсілдерді көре алдым. Және өз тәжірибеме қажет деп санадым»- деді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері У.Нұрғалиев. А.Құсайынов атындағы ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангелдіұлы Ерназар өз пікірінде: «Маған ыстық орындық әдісі ұнады. Бұл сабақтағы ең ұтымды әдіс болды деп айтар едім. Мұғалім бір сабақта бірнеше әдіс-тәсілді қолдана білді. Оқушылары қай әдісте болмасын, белсенділік танытып, сабаққа өте жақсы қатысты»- деп жауап беріпті. Сонымен қатар Н.Неткалиеваның сабағын бүгінгі заманға сай, қазіргі талапқа жауап беретін деп бағаласа, А.Сыдихованың өткізген сабағынан әріптестерінің бағалағаны: әдебиет пәнінің қиындығына қарамай, дарынды оқушыларының үздік көрініп,кез-келген тиімді әдіске төселгені, дағдыланғаны таң қалдырды. Аудан мектептерінен келген жас ұстаздар да өз сабақтарының тиімді тұстарын көрсетіп, жетекшілері өз жұмыстарымен бөлісті. Семинардың екінші бөлімінде жас ұстаздар тобының жетекшісі Қ.Құнанова бірлескен оқудың қажеттілігін, маңызын ұқтыру, топта жұмыс істеу үшін не қажет, топты қалай ұйымдастыруға болады, топтағы жұмыстың нәтижесін қалай көруге болатындығын үйрену мақсатында «Бірлескен оқудың мәні мен маңызы» тақырыбында семинар – практикум өткізді. Аудан мектептерінен келген жас мамандар мен мектеп ұстаздарын қатыстырып, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырып, күткен нәтижеге жеткендей болдық. Жас мамандар топта жұмыс істеу үшін не қажет екендігін сезініп, топ ережесіне бағынып жұмыс жасап, топты ұйымдастыра алды, ортада өз идеяларын айтуға, қорғауға итермеледік. Жұмыс нәтижесін көрсетіп, басқа адамдардың тұжырымдарына күмәнмен қарауға, белсенді қатысуға мүмкіндік алды. Жас мамандар өз тәжірибелеріне топпен жұмыстың тиімді жақтарын қоса алды деп есептейміз.

Жас мамандарға әдістемелік көмек беру, сабақ түрлерін ажырата білуге, сабаққа өзіндік талдау жүргізе білуге дағдыландыру мақсатында «Сабақ түрлері және оған өзіндік талдау үлгілері» тақырыбында практикум оздырылды. Практикумды  талдау барысында мыналар анықталды: Жас мамандарға сабақ түрлері, типіне байланысты ақпараттар беріліп, талданды. Берілген ақпараттарды бекіту мақсатында экраннан роликтер көрсетіліп, жас мамандар сабақтың қандай түрі екенін ажыратты. Сабақ түрін ажырата отырып, салыстырмалы түрде екі сабақты талдады. Талдау барысында жас мамандардың сөзге жұтаңдығы, мақсатты түрде сабаққа қатысу керектігін білмейтіні, сабақ талдаудың түрлерін қалай ұйымдастыруға болатындығымен таныс еместігі байқалды. Сол себепті сабақты талдаудың мақсаттары қалай болу керек, сабақты қалай бағалауға болады деген сұрақтарға жауап іздедік. Сабаққа өз бетінше талдау жасау үлгісі көрсетіліп, өз сабақтарын жас мамандар кезек-кезек әріптестері алдында қорғады. Сабақ қорғау барысында да жас мамандардың әлсіздігі, сауатты жеткізулері жетіспей жатты. Болашақта ескеру керек нәрселер туралы оқу ісінің меңгерушісі егжей-тегжейлі түрде жеткізді.

Мектебімізде дәстүрлі түрде жүзеге асатын жас мамандар  апталығы «Жас келсе, іске!» байқауы биыл өз жалғасын тапты. Бұл байқаудың мақсаты жас мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдау, оқу-тәрбие жұмысында іздену, шығармашылыққа баулу, әдістемелік көмек беру болатын. Байқау өз мақсатына жетті. Байқаудың бөлімдеріне мамандарымыздың дайындығы жоғары деңгейде болды. «Үздік сабақ» бөлімінде әр жас маман күнтізбелік жоспарға сай ашық сабақ өткізуі тиіс болатын. Жас мамандар алғашқы бөлім бойынша жаңа технологияны тиімді пайдаланып, сабақ барысында нақты, қолжетімді мақсат көздей отырып, әртүрлі тиімді тәсілдерді қолдану арқылы сабақтары сәтті шыққан жас ұстаздар болды. Бұл бөлім бойынша қатарластарынан оза шығып, үздік ашық сабақ үлгісін көрсете білген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Құбаева, математика пәнінің мұғалімі Н.Неткалиева сынды жас ұстаздарды ерекше атап  өтуге болады. Төмен баға алған сабақтарда мұғалімнің дайындығының төмендігі көрінді.

Қазіргі заманда мұғалімге қойылатын талап жоғары. Сол талаптардың ішінде мұғалімнің өз ойлары мен түсініктерін, идеялары мен пайымдауларын жеткізуге мүмкіндік беретін эссе жаза білу керектігі енгізіліп келеді. Ал біз эссе жазуды байқаудың бағалау тәсілі етіп бөлімдеріміздің бірі ретінде алған болатынбыз. Жас мамандарға мұғалімнің құндылықтары баяндалатын фильм көрсетіліп фильмнен түйген ойлары эсседе өрбітілді.Эссенің бағытын түсінбегендері фильді баяндау түрінде жазған.  Эссе жазу барысында «үздік» деп танылған эссе иегері Б.Құбаева болса, «жақсы» деген бағаны Н.Тлепкалиев еншіледі.

Жеке тұлғаға білім беріп, тәрбиелейтін, дамытатын, әрине, ол – ұстаздар.  Сондықтан мұғалімнің басты қаруы – білімі екені белгілі. Келесі бөлімде қатысушылар өз мамандықтарына байланысты құрылған  25 сұрақ, педагогика-психологиядан құралған 25 сұрақтан тұратын тест сұрақтарына жауап берді. Бұл бөлімде ерекше атап кетсем, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құбаева Бұлбұл 25 сұрақтың барлығына дұрыс жауап беріп, өзінің білім көрсеткішін жоғары деңгейден көрсетсе, биология пәнінің мұғалімі А.Ергалиева да 20 ұпай көрсеткішімен білімі бойынша жоғары сатыдан көрінді.

Мұғалімнің барлық жұмысын бір жүйеге біріктіретін, тәжірибелік іс- әрекет нәтижелерін көрсетуге, өзінің кәсіби құзырлылығын бағалауға және өз жұмысына салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік беретін мұғалімнің шығармашылық шеберханасы болды. Бұл бөлімде мұғалім өзін өзге қырынан танытатындай бұрыш жасақтап, шығармашылық жұмыстарының көрмесін дайындауға мүмкіндік алды.  Бұл бөлім бойынша өз кәсіби мүмкіндіктерін ашық түрде көрсетіп, жас мамандар ішінен А.Каракулова, Б.Құбаева, Н.Тлепкалиевтер қазылар алқасының жоғары бағасын алды.   Аталған  бөлімдер 4-8 сәуір аралығында өткізіліп бағаланса, қалған бөлімдер қорытынды кеш барысында көрермендер алдында мектептің мәжіліс залында қорытындыланды.

Кеш жастарға үлкен рух, күш- жігер беру мақсатында М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңімен басталды. Байқауға қатысушылар жеребе бойынша бірінші бөлімде өзін-өзі таныстырды. Бұл бөлімде өзін шығармашылық деңгейден көрсете білген Б.Құбаева мен Н.Тлепкалиев болды. Жас мамандарға ұсынылған келесі сынақ өз пәні бойынша өзекті деп тапқан тақырып бойынша жоба қорғау. Жоба қорғау уақыты шектеулі болған соң жас мамандар жүйелі сөйлеп, нақты дәлелдемелермен ұтымды шешім айта білді. Бұл бөлімде А.Ергалиева «Биология пәнін салауатты өмір салтымен ұштастыра оқыту» тақырыбында ой өрбітсе, Б.Құбаева көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтың төмендеп бара жатқанын өзекті мәселе етіп алып, түйінді ойларымен нақты сандық дәлелдемелер келтіріп, көрермендер мен ұстаздарға үлкен ой салды. Н.Тлепкалиев тарқатқан «Қазіргі заманда желі дамыған сайын вирус түрлері де дамуда» тақырыбын да тиісті деңгейде қорғап шықты. Осыған орай заманға сай ақпаратты вирустан қалай қорғауға болатындығын нақты дәлелмен түсінікті тілде сауаттандырды. Одан әрі жас мамандар педагог-ұйымдастырушы ретінде сол аудиториядағы адамдармен психологиялық тренингтер өткізуі керек еді. Тренинг өткізу барысында жас мамандардың психологиялық сауаттылығы, мақсаты мен міндеттерін айқын қоюы, аудиториямен қарым-қатынас жасай алуы бағаланды. Аталған бөлімде өзінің пәнімен байланыстырып, көрерменге жағымды әсер қалдырған А.Утегалиеваның тренингтері өте сәтті шықты. Байқау соңы жас мамандардың  өз өнерлерін көрсетумен қорытындыланды.

Нәтижесінде:

І орын – Құбаева Бұлбұл «Үздік жас маман-2016»

ІІ орын – Тлепкалиев Нұрсұлтан

ІІІ орын – Ергалиева Айнұр

«Ізденімпаз ұстаз» - Неткалиева Назерке

«Бала жанының зергері» - Каракулова Айжан

«Шығармашыл ұстаз» - Утегалиева Айгерім сынды номинациялар мен жүлделі орындарға ие болды.

Жас мамандарға байқау барысында жіберілген кемшіліктер ескертіліп, әдістемелік көмек берілетіндігін қатерлеріне берді. Соның ішінде мынадай ережелерді қатаң сақтау туралы:

Тәлімгерімен үнемі байланыста болу;

Тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына қатынасу;

Түрлі ақпараттық технологияларды пайдалана білу;

Өз білімі мен біліктілігіне сенімділіктің қажеттілігі;

Үнемі ізденісте болу, жауапкершілікті сезіну ұсыныс етілді.

 

Есептік мерзімде 6 мұғалім аттестаттаудан өтсе, соның бірі жас мамандардан Б.Құбаева мерзімінен бұрын 2 санатқа ие болды. Бірнеше жас ұстаздар өз пәндері бойынша курстар мен семинарларға  қатысып, өз білімдерін шыңдап қайтты.

Жас мұғалімдердің  жыл ішіндегі іс-шараларға  қатысу рейтингісі төмендегідей болды. Әуелі аудан деңгейіндегі жеткен жетістіктерімізді сараласақ: Информатика пәні мұғалімдерімен оздырылған «Паскаль бағдарламалау тілі» облыстық олимпиадасының аудандық кезеңінен Тлепкалиев Нұрсұлтан 3-орынды иеленді.  Мұғалімдеріміздің облыстық деңгейдегі шараларға қатысуын атар болсақ: Облыстық «Өркен» қосымша білім беру орталығы  қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп тәлімгерлеріне арналған облыстық «Тәлімгерлер мектебі» семинар-тренингі  өтті. Аталған шараға аудан бойынша бірнеше мұғалім қатысып, мектебіміздің тәлімгері жас маман Тлепкалиев Нұрсұлтан белсенділік танытқаны үшін алғыс хатпен марапатталып келді.  Биылғы оқу жылында мектеп мұғалімдері республикалық деңгейдегі сайыстар мен олимпиадалар, конференция, семинарлардан тысқары қалмады.  Атап айтсақ: республикалық қашықтық интернет олимпиадасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Құбаева Бұлбұл аудан бойынша «Ең үздік нәтиже» номинациясын, математика пәнінен Неткалиева Назерке  аудан бойынша «Үздік нәтиже» номинациясын иеленді.

Мұғалімдеріміздің іс-тәжірибе таратулары да биылғы оқу жылында назардан тыс қалмады. Үздік деп танылған сабақтары түрлі республикалық сайттардан, төл басылымдарынан жарық көріп жатты. Атап айтсақ: Қазақстан ұстаздарының әдістемелік порталы www.kazustaz.kz сайтына мектебімізден көптеген ұстаздардың сабақтары жарық көрді. Соның ішінде Мағазова Гүлзаттың «Токтың күші мен жұмысы» тақырыбындағы сабағы, Құбаева Бұлбұлдың «Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар», «А.Бақтыгереева «Ақ Жайықтың ақ шағаласы», «Лексикадан өткенді қайталау», «Ұяң дауыссыздар» сабақтары ақпан, наурыз айларында жарық көрді. 2016 жылы Республикалық ұстаздардың ғылыми-әдістемелік порталының www.kopilkaurokov.kz сайтында Құбаева Бұлбұлдың «Буын үндестігіне бағындайтын қосымшалар», «А.Бақтыгереева «Ақ Жайықтың ақ шағаласы», «Лексикадан өткенді қайталау», «Ұяң дайыссыздар» сабақтары жарық көрді.

Жаңа технологияны сабақтарында тиімді қолданған мына ұстаздардың сабақтары тамыз мәслихатына жолданды. А.Ергалиеваның биология пәнінен 8а сыныбында өткізген  «Терінің құрылысы және маңызы» атты іздендіру сабағы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Құбаева 5 сынып оқушыларына өткізген «Лексикадан өткенді қайталау» атты топтық сабағы, балабақша тәрбиешісі Ж.Сафиеваның «Ауылдағы тіршілік» атты сабағы жолданды.

Мектептегі білім сапасын көрсететін бірден-бір білім сайысы пәндік – олимпиада десек, аудандық олимпиададан оқушыларымыз жүлдесіз оралған емес. Оның ішінде жас мамандарымыздың дайындаған шәкірттері барын мақтана айтуға болады. Атап айтсақ: Биология пәнінен: Гайсин Досжан /9-сынып/ - 3-орын (жетекшісі А.Ергалиева), Физика пәнінен: Хасанғали Аида /10-сынып/ - 2-орын; Маратқызы Аяна /9-сынып/ 2-орын (жетекшісі Г.Мағазова). Сонымен бірге, «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандық Интернет Олимпиадалар» порталы пәндер бойынша дарынды мектеп мұғалімдері мен оқушыларын анықтау мақсатында қашықтықтан оздырылған  Республикалық интернет олимпиадасын ұйымдастырды. Оған пән мұғалімдері, мектеп оқушылары белсене араласты. Нәтижесінде: Биология пәнінен: 12 оқушы, 1 мұғалім, Химия пәнінен: 5 оқушы, 1 мұғалім, Математика пәнінен: барлығы 24 оқушы, 3 мұғалім қатысып қатысушы сертификаттарын алды. Және математика пәнінен оқушылар арасында Рахматуллина Жанэлла /6-сынып/ (жетекшісі Н.Неткалиева) - «Ең жақсы нәтиже» номинациясына ие болды. Ал, Физика пәнінен: 8 оқушы, 1 мұғалім қатысып, Өтеуғалиева Аягүл /8-сынып/ (жетекшісі: Г.Мағазова) - «Ең жақсы нәтиже» номинациясына ие болды.

Мектебіміздің белсенді оқушылары биылғы оқу жылында да түрлі мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық байқауларына қатынасып, жүлделі орындарды иеленді. Және оқушы қабілетін дамытатын мектебімізде түрлі қоғамдық, ақылы үйірмелер жұмыс істейді. Солардың ішінде «Шамшырақ» (жетекшісі: Б.Құбаева) пен «Қылқалам» (жетекшісі А.Каракулова) үйірмелері оқушыларының жетістігі жоғары.

Өнерге деген құлшынысы биік оқушыларымыз да мектебімізде жеткілікті деңгейде өз нәтижелерін беріп келеді. Алдымен аудандық деңгейдегі байқауларды сараласақ: оқу жылының алғашқы айларында аудан орталығында ұйымдастырылған ұстаздар күніне орай «Алғашқы ұстазыма сыйлық» сырттай қолөнер байқауы, «Менің алғашқы ұстазым» атты шығармалар байқауы оздырылды. Осы байқауда қолөнер номинациясынан Күнтуғанова Әсемгүл 3-орын(жетекшісі А.Каракулова)  , шығарма жазудан Нариманова Елназ (жетекшісі: Б.Құбаева)  3-орын иеленді. Одан кейін тілдер күніне орай сырттай шығармалар байқауы өтті. Шығарма жазудан өз шеберліктерін көрсетіп, Мейірбекқызы Бекзада 2-орын (жетекшісі: Б.Құбаева)  алды. Келесі облыстық «Дүниежүзілік жануарларды қорғау» күніне арналған сырттай суреттер мен электронды презентация байқауының аудандық кезеңіне бейнелеу өнері жанры бойынша 8 оқушы өз жұмыстарын жіберсе, электронды презентация жанры бойынша Гайсин Досжанның (жетекшісі А.Ергалиева) жұмысы 3-орынды иеленіп келді. Бейнелеу өнері жанрынан Смағұл Ақбота (жетекшісі А.Каракулова) 1-орын иеленіп, жұмыстары облысқа жолданды. Және биыл бірінші рет Ақұштап пен Фариза оқулары оздырылды. Әдебиетке жаны құмар шәкірттеріміз қатынасып, бірнеше жүлделі орындарды қанжығаға іліп қайтты. Атап айтсақ: «І Ақұштап оқулары» байқауының «Жас дарындар» номинациясынан Төлеген Бақдаулет (жетекшісі: Б.Құбаева)    жүлделі 2-орын алса, «І Фариза оқулары» байқауында ақын өлеңдерін жатқа оқудан Амангелді Айсезім (жетекшісі: Б.Құбаева)   1-орын, өлең шығарудан Өтеуғалиев Асхат (жетекшісі: Б.Құбаева)  жүлделі 2-орын иеленіп, мектеп мерейін үстем етті. Аудандық жолда жүру ережелерінің «Назар аударыңыз, балалар» атты суреттер байқауынан Нәсіпқалиев Аман /6-сынып/(жетекшісі А.Каракулова)  3орын, Смағұл Айсана /3-сынып/, Молдабекқызы Айымгүл /2-сынып/ - алғыс хатпен марапатталды. Ал, «Қолөнер шеберлері» атты сырттай сәндік-қолданбалы өнер байқауынан Қайратқызы Ұлпан 1-орын, Елтай Нұрәділ 3-орыннан көрінсе, «Экология – балалар көзімен» тақырыбындағы сырттай суреттер байқауынан Еділбай Гауһар 2-орын, Нағим Әділхан 3-орын (жетекшісі А.Каракулова) алды. VІІ Махамбет оқулары байқауынан “Тартынбай сөйлер асылмын...»  номинациясы бойынша Нүресов Бекнұр (жетекшісі: Б.Құбаева)   3-орын, «Менің бабам - Махамбет» атты аудандық жас ақындар мен көркемсөз шеберлерінің байқауынан Өтеуғалиев Асхат пен Төлеген Бақдәулет (жетекшісі: Б.Құбаева)   жүлделі 2-орынды иеленіп мектеп мерейін үстем қылып келді. Аудандық «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалінен көркем сөз оқудан Өтеуғалиев Асхат (жетекшісі: Б.Құбаева)   1-орын, қолөнер жанрынан Амангелді Айсезім (жетекшісі А.Каракулова) 1-орын иеленді.

Осындай түрлі өз нәтижесін беретін іс-шаралар негізінде жас мамандарымызға әдістемелік көмек үздіксіз берілді. Сынып журналдарына нұсқау, сабақ жоспарына көмек, тәлімгерлерімен байланыс жасауға жағдай туғызу жөнінде оқу ісінің меңгерушісі  мен жас ұстаздар жетекшісі жүйелі жұмыстанды. Барлық айтылған ұсыныстарды ескеру, олардан нәтиже шығару жас мамандардың қатерлеріне берілді.

 

Пікір қосу

Комментарий публикуется через пару секунд. После отправки, можете смотреть выше.
Пікір сайтқа сәлден кейін шығады. Жібергеннен кейін жоғарыдан қарауыңызға болады.